Жыл басынан бері өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың барлық кәсіпорындарды толық қамтитын жаңа тетігі енгізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биылғы жылдың алғашқы 5 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тексерілген кәсіпорындар саны 2,5 есе артты. Нәтижесінде 10 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды.
Анықталған деректер бойынша әртүрлі деңгейдегі 523 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндірген өрескел бұзушылықтар үшін 600-ден астам өндірістік нысан мен техникалық құрылғының жұмысы уақытша тоқтатылды.
Ведомство басшысы кейбір кәсіпорындардың енгізілген шектеулерге қарамастан, қауіпсіздік талаптарын сақтамай жұмысын жалғастырып отырғанын атап өтті. Мұндай жағдайлар өндірістік авариялардың қаупін арттырып, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қатер төндіреді. Осыған байланысты қосымша бақылау және жауапкершілік шаралары күшейтілетіні айтылды.
Сонымен қатар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласын цифрландыру жұмыстары да жүргізілуде. Төтенше жағдайлар министрлігі жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы "е-ТЖМ" бірыңғай цифрлық платформасын әзірлеп жатыр.
Аталған жүйе қауіпті өндірістік нысандарды есепке алуға, өндірістік жарақаттар мен авариялар бойынша деректер базасын қалыптастыруға, негізгі процестерді автоматтандыруға және тәуекелдерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, платформада қызметкерлердің білімін онлайн форматта тексеруге арналған прокторинг жүйесін енгізу жоспарланған. Сондай-ақ өндірістік нысандарды бақылау мен мониторингтің заманауи тетіктері кезең-кезеңімен іске қосылады.