Бұл туралы Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында сөз болды. Статистикалық деректерді Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов жария етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрлік дерегінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2029 жылға дейін ішкі нарықтағы отандық дәрі-дәрмек үлесін 50 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
"Бүгінде елімізде 209 қазақстандық тауар өндіруші тіркелген (2024 жылы – 207), оның ішінде 43-і дәрілік заттар өндірісіне, 166-сы медициналық бұйымдар өндірісіне маманданған. 2025 жылдың қорытындысында Қазақстандағы фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 8,7%-ға өсті. Былтыр инвестициялар көлемі 142,8 млн АҚШ долларына жетіп, 2024 жылғы көрсеткіштен едәуір асты. Инвестициялар өндірістерді жаңғыртуға, қуаттарды кеңейтуге және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісін жергіліктендіруге бағытталған", – деді Тимур Мұратов.
Министрлік бұл қаржы өндірістерді жаңғыртуға, қуаттарды кеңейтуге және дәрі өндірісін жергіліктендіруге бағытталғанын мәлімдеді. Сонымен бірге экспорт көлемі де ұлғайған. Былтыр қазақстандық фармацевтикалық өнім экспорты 84 млн долларға жетіп, негізгі жеткізілім Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан нарығына бағытталған. Биылғы алғашқы тоқсанда саладағы нақты көлем индексі 146 пайызды көрсеткен.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 51,5 пайызға жоғары. Жаза кеткен жөн, қазір Қазақстанда 20 мыңнан аса дәрілік зат пен медициналық бұйым тіркелген. Оның 15 пайыздан астамы – отандық өнім. Ал таңбалау және қадағалау жүйесі енгізілгеннен соң қазақстандық өндірушілердің табиғи көлемдегі үлесі 39,8 пайызға дейін жеткен.
Вице-министрдің сөзінше, Қазақстан фармацевикасы енді тек ішкі нарықты қамтумен шектелмей, экспортқа бағытталған өндірісті күшейтуге көшіп жатыр.