Өңірдегі жалғыз ЖОО-ның оқытушылары баспанасыз қалуы мүмкін

543

Маңғыстау облысындағы жалғыз жоғары оқу орнының оқытушылары үй-жайсыз қалуы мүмкін. Өйткені университет басшылығы ғалымдарға тиесілі баспананы әлі күнге дейін рәсімдемеген. 

Өңірдегі жалғыз ЖОО-ның оқытушылары баспанасыз қалуы мүмкін

Тіпті қалалық соттың өзі профессорлық құрамның арызын қанағаттандырып, оң шешім шығарған. Бірақ оқу ордасы сот шешімін орындауға асығар емес.

Облыс орталығында орналасқан Шахмардан Есенов атындағы мемлекеттік университеттегі білім сапасын арттыру үшін 2008 жылы Қазақстанның түпкір-түпкірінен ғалымдар жұмысқа шақырылған. Жан-жақтан жиналған оқытушы ғалымдарға қызметтік пәтер кілті 2009 жылы салтанатты түрде табысталыпты. Сол сәтте "10 жылдан соң пәтер жекешелендіріліп, аттарыңызға өтеді" деген уәде де берілген. Алайда құрғақ сөз күйінде қалды, дейді университет оқытушылары

"Университеттің тұрғын үй комиссиясының төрағасы, ректор, Университеттің президенті Берік Бақытжанұлы Ахметов ешқандай жауап та жоқ, басқа да жоқ. Біздің конституциялық құқығымызды түсіріп, аппеляцияға беріп отыр. Бірақ аппеляциядағы айтылған дәлелдермен келіспейміз", дейді Университет оқытушысы Роза Махамбетова.

Қызметтік пәтерлер алғашында облыс әкімдігінің меншігінде болған. Артынша әкімдік оқытушы құрамға арналған баспананы университеттің иелігіне өткізген. Білім ордасында 10 жылдан астам уақыт жұмыс істесе де баспаналарын заңды рәсімдей алмаған ғалымдар сотқа шағымданды. Қалалық сот оқытушылардың арызын орынды деп, қанағаттандырған. 

"Сот директорлар кеңесінің 2021 жылғы 16 тамыздағы және Тұрғын үй комиссиясының 2021 жылғы 8 қыркүйектегі шешімін заңсыз деп танып, күшін жойды, сонымен қатар "Каспий технологиялар және инжиниринг университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамына заң бұзушылықтарды жойып, арызданушылардың құқықтарын қалпына келтіруді міндеттеді", дейді Ақтау қалалық № 2 сотының судьясы Қуандық Акеров.

2020 жылы мемлекеттік университет коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналған. Оқу ордасының басшылығы мұндай жағдайда баспана жекешелендіруге жатпайды деп отыр. 

"Жекешелендіру туралы заң бізге жарамсыз. Қазір бізде нақты механизм жоқ. Сондықтан нақты шешімді атқарушы орган қабылдай ма, әлде коллегиялық алқа қабылдай ма? Түсінбей отырмыз...", дейді Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті ректорының кеңесшісі Сабыр Түменбаев.

Қалалық соттың шешімінен кейін университет басшылығы аппеляциялық шағым түсірген. Алайда жоғары оқу орнындағылар "оқытушыларымызды далада қалдырмаймыз, бірақ баспананы жекешелендіруге үміт артпағаны ләзім", дейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу