Биыл өңірлер әлеуметтік маңызы бар көкөністер мен жүгері егісін ұлғайтады

102

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Биыл өңірлер әлеуметтік маңызы бар көкөністер мен жүгері егісін ұлғайтады Фото: Үкімет

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен көктемгі егіс жұмыстарын даярлау және өткізу жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың хабарлауынша, 2026 жылы өңірлер әлеуметтік маңызы бар көкөністердің, ең алдымен картоп пен сәбіздің егіс алқаптарын ұлғайтуы қажет.

Оның айтуынша, өткен жылы картоп егісін арттыру бойынша мақсатты жұмыс жүргізіліп, ұйымдасқан шаруашылықтардағы егіс көлемі 12,5 мың гектарға ұлғайған.

"Өнім көлемі нарықтағы баға тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты өңірлер түпкілікті егіс құрылымын бекіту кезінде сәбіз егісін ұлғайту міндетін ескеруі қажет", – деп атап өтті вице-министр.

Болжамды егіс құрылымында қарақұмық егіс алқаптарын кезең-кезеңімен ұлғайту көзделген. 2026 жылы оның егісін 10 мың гектарға – 101 мың гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр (2025 жылы – 91 мың гектар). Өңірлерге белгіленген индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Жүгері егісін кеңейтуге де ерекше назар аударылды. Алаңдардың айтарлықтай ұлғаюы Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу бойынша Fufeng Group компаниясының жаңа тік интеграцияланған өнеркәсіптік паркін, сондай-ақ Түркістан облысындағы "Қазкрахмал" ЖШС-нің крахмалды сірне өндіру зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үшін қажет.

Жаңа өндірістердің қажеттілігін тек оңтүстік өңірлер есебінен қамтамасыз ету мүмкін еместігі атап өтілді. Осыған байланысты 3 солтүстік астық егетін өңірде жүгері егіс алқаптарын әрқайсысында орта есеппен 15 мың гектарға ұлғайту міндеті қойылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығымен және Мемлекеттік сорт сынау комиссиясымен бірлесіп, өңірлерге әдістемелік және технологиялық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Бұл солтүстік өңірлердің жағдайына бейімделген өсіру технологияларын енгізу және сәйкес сорттарды іріктеу бөлігінде жүзеге асырылады.

Қосымша АШМ жүгері өсіруде практикалық көмек көрсетуге дайын екенін білдірген қытайлық компаниямен кездесу өткізді. Қытай тарапы топырақ-климаттық жағдайлары ұқсас Қытайдың солтүстік өңірлерінде жүгері өсіру тәжірибесімен бөлісуге, осындай жағдайларға бейімделген технологиялар мен сорттарды ұсынуға дайын. Осыған байланысты өңірлерге халықаралық тәжірибені ескере отырып, жүгері егісін кеңейту бағытындағы жұмысты жандандыру ұсынылды.

Сондай-ақ, өңірлерде минералды тыңайтқыштарды жөнелту басталғаны атап өтілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі "Қазфосфат" ЖШС-мен 2026 жылы аммофостың қосылған құн салығын есептемегендегі тоннасына 254 мың теңге деңгейінде (өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға жоғары) бекітілген баға белгілеу туралы меморандумға қол қойды. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен шарттар жасасу және жеткізу кестелерін келісу жұмыстары жүргізілуде.

2025 жылы көктемгі егіс және жинау жұмыстарын жүргізу үшін 7 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушісіне жалпы сомасы 501,5 млрд теңге көлемінде кредит беріліп, 7 млн гектардан астам егіс алқабы қамтылды. Қазіргі уақытта Аграрлық кредит корпорациясы арқылы егіс науқанына 126 фермерге 17 млрд теңге көлемінде қаржыландыру мақұлданды, тағы 235 өндірушінің 76 млрд теңгеге өтінімдері қаралуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу