Өңірлерде АӘК төлемдерін тағайындау кезінде заң бұзушылықтар орын алған

1309

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы төлемдерді орталықтандыру жұмыстары басталды.

Өңірлерде АӘК төлемдерін тағайындау кезінде заң бұзушылықтар орын алған

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында бұл процесс орталықтандырылмақ. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2021 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2022 жылға арналған жоспарлар бойынша кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Серік Шәпкенов мәлімдеді, деп жазды inbusiness.kz.

"2021 жылдың қорытындысы бойынша АӘК 198,4 мың отбасыға, оның ішінде 990,5 мың адамға тағайындалғанын, бұл 2020 жылдың көрсеткішінен 7,4%-ға жоғары. 2020 жылы 184,6 мың отбасы немесе 936,2 мың адамға тағайындалған. Былтыр АӘК төлеуге 65,6 млрд теңге бағытталды", – деді министр. 

Серік Шәпкенов айтқан ақпаратқа сүйенсек, кепілдік берілген әлеуметтік топтама АӘК алатын отбасылардағы 517,2 мың балаға берілді, оның ішінде 259,4 мың мектеп жасына дейінгі бала, 257,8 мың мектеп жасындағы бала бар. Кепілдік берілген әлеуметтік топтама төлеуге 20,5 млрд теңге қарастырылған.

"АӘК алушылар санының өсуіне байланысты 2021 жылы Еңбек министрлігінің қызметкерлері АӘК тағайындауға көшпелі мониторинг жүргізді, нәтижелері бойынша елдің жекелеген өңірлерінде бұзушылықтар анықталды, бұл көмек алушылардың өсуіне әкелді", – деді Серік Шәпкенов. 

Министрдің айтуынша мысалы, Шымкентте 2021 жылдың қорытындысы бойынша АӘК алушылар санының өсуі 28,5%-ды құрайды, бұл ең жоғары өсім.

"Анықталған бұзушылықтарды жою бойынша жұмыстар жүргізілді. Болашақта мұндай фактілер қайталанбауы керек. АӘК тетігінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін биыл "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы төлемдерді орталықтандыру жұмыстары басталды", – деді Серік Шәпкенов.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу