Айтулы датаға орай Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым саласында қолға алынған бастамаларды атап, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Бүгін – Қазақстанның ғылым қызметкерлері күні! Бұл күннің 12 сәуірге белгіленуі тегін емес. Дәл осы күні еліміздің ғылымын әлемдік деңгейге көтерген, көрнекті ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев дүниеге келген еді. Ол ұлттық ғылымды жүйелі жолға қойып, іргелі зерттеулердің негізін қалады", – дейді ол.
Ғылым – ел дамуының алтын діңгегі. Сондықтан бұл саланы дамыту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Ғылым академиясының сессиясында ғылымның экономикалық өсімге әсерін күшейту, оны өндіріс пен технологиямен ұштастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Бұл бастамалар бүгінде "Ғылым және технологиялық саясат туралы" жаңа Заңның негізін қалап, 2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып, ғылым саласында ауқымды өзгерістер болып жатыр.
2025 жылдан бастап өңірлік ғылымды дамытуға ерекше мән беріледі. Жергілікті атқарушы органдар ғылыми-технологиялық саясатқа тікелей қатыса бастайды.
Мемлекет жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Олар үшін гранттық қаржыландыру, шетелдік тағылымдамалар, мега-гранттар, ғылыми дәреже үшін қосымша төлемдер, тіпті тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты әлеуметтік қолдау тетіктері іске қосылды.
Соңғы 2 жылда жас ғалымдарға 423 пәтер берілді. Жыл сайын 50 "Үздік ғылыми қызметкер" сыйлығы табысталады. Дарынды жас зерттеушілерге тағы 50 арнайы стипендия бөлінеді.
Бүгінгі ғылым – тек зерттеу емес, ол – экономиканың қозғаушы күші. Сондықтан біз ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға ерекше мән беріп отырмыз. Қазіргі уақытта 208 ғылыми жоба іске асырылып жатыр. Оның 25-і экспортқа шықты. Ал 6 жоба – 1 миллиард теңгеден астам сатылымға қол жеткізді.
Жалпы алғанда, коммерцияланған жобалардың ел экономикасына қосқан үлесі – 118,4 миллиард теңгені құрап отыр.
"Қадірлі әріптестер! Қазақстан ғылымының алтын қазығын ұстап тұрған барлық ғалымдарға, зерттеушілерге, оқытушыларға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің ерен еңбектеріңіз – елдің ертеңіне салынған берік негіз. Ғылым күні құтты болсын! Еңбектеріңіз табысты, жаңалықтарыңыз жаңашыл, жетістіктеріңіз толағай болсын!" – дейді Саясат Нұрбек.