Өңірлерде қаражатты тиімді пайдалану мәселесі өте өзекті – Үкімет басшысы

325

Соңғы 3 жылда "Ауыл - Ел бесігі" жобасын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлінді. 

 Өңірлерде қаражатты тиімді пайдалану мәселесі өте өзекті – Үкімет басшысы Фото: Almaty.tv

Өңірлерде қаражатты тиімді пайдалану мәселесі өте өзекті. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Үкімет басшысының айтуынша, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша 3,7 мыңнан астам жоба мыңнан астам ауылда іске асырылды. Бұдан бөлек 33 мың жұмыс орны құрылған.

"Биыл республикалық бюджеттен 198 млрд теңге бөлінді. 800 елді-мекенде шамамен 2 мың жоба іске асырылатын болады. Бөлінген қаржыны игеру серпіні Павлодар, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында жақсы. Алайда Алматы және Ұлытау облыстарында деңгей төмен. Бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану, тендерлерді уақытында өткізбеу, тиісті бақылаудың болмауы объектілерді енгізу мерзімдерінің бұзылуына әкеледі", - деді ол.

Мысалы, былтыр Ұлытау облысының Атасу, Бидайық, Бостұмсық және Сарысу ауылдарында медициналық мекемелердің құрылысына қажетті қаражат толық бөлінгенімен, құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмаған, деп жалғастырды ол Үкімет отырысында.

"Солтүстік Қазақстан облысының Мүсірепов атындағы ауданда ұзындығы 53,5 км болатын жол құрылысы былтыр біту керек еді. Бірақ жоспарланған көлемнен небары 26,5 км жол пайдалануға берілген. Демек, жоспардың 50% әлі күнге орындалмай отыр. Өңірлерде қаражатты тиімді пайдалану өте маңызды. Бір ауданда бірнеше жоба іске асырылып, басқа ауданда бірде-бір жоба іске асырылмайтын жағдайлар болмауы керек", - деді Әлихан Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу