Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев өңірлердің халқы көтерген сұрақтар бойынша қандай жұмыстар қолға алынғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Осы жылдың басында өңірлерге жұмыс сапарларыңыз аясында тұрғындар көтерген сұрақтардың барлығын мұқият қарадық. Оларды жүйелеп, саралап шықтық. Қабылданған шаралар туралы есеп ресми түрде сіздерге енгізілді. Жүйелі мәселелердің басым бөлігі өз шешімін тауып жатыр", – деді Премьер-Министрдің орынбасары Мәжіліс отырысында.
Оның айтуынша, биыл сайлаушылар шамамен 700 өзекті мәселелер көтерген. Оның 46 пайызын әлеуметтік мәселелер қамтиды. Тағы 31 пайызы ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика, өнеркәсіп және т.б. салаларға қатысты.
"Денсаулық сақтау саласы – Үкімет жұмысының басым бағытының бірі. Салада біраз жұмыстар атқарылды. Өткен жылы бала өлімі 8,3, ал ана өлімі 11,3 процентке азайды. Халықтың нысаналы топтарын онкоскринингпен қамту 16 процентке өсті. Атап айтқанда, 2 миллион 800 мың адам онкологиялық скринингтен өтті. Нәтижесінде қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіші 2,8 процентке төмендеді", – деді ол.
Үкімет "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын жүзеге асырып жатыр.
"Жоба аясында 467 объектінің құрылысы аяқталды, 188 нысанды жыл соңына дейін іске қосамыз. Сондай-ақ, облыстарда ірі заманауи медициналық объектілердің құрылысы жүріп жатыр. Оларды өз мерзімінде және сапалы аяқтауды облыс әкімдеріне тапсырдық. Бұл жұмыс біздің ерекше бақылауымызда. Өңірлерде медициналық қызметкерлер жетіспейтіні рас. Бұл мәселе кезең-кезеңмен шешіліп келе жатыр. Мемлекет тарапынан жас мамандарға үстемақы төлеу, гранттар санын көбейту, әкімдіктер арқылы тұрғын үй беру қарастырылған", – деді Көшербаев.