Құрылтай депутаты Айнагүл Балташева педагог-ассистентердің еңбек жүктемесі мен жалақысына қатысты мәселе көтеріп, Оқу-ағарту министріне депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат келтірген статистикаға сүйенсек, елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңға жуық бала тіркелген. Білім беру ұйымдарында 6,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді. Оның айтуынша, педагог-ассистент ерекше баланың білім алуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне, өзіне деген сенімін қалыптастыруына және дербестік дағдыларын дамытуына кәсіби қолдау көрсетеді.
Айнагүл Балташева бүгінде педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын нормативтік реттеу мәселесі толық шешімін таппай отырғанын айтты.
"Қолданыстағы қағидаларда олардың лауазымдық міндеттері мен біліктілік санатына байланысты қосымша ақы қарастырылғанымен, апталық нормативтік оқу жүктемесі мен жұмыс уақытын есептеу тәртібін нақтылау қажеттілігі сақталуда. Бұған дейін педагог-ассистенттердің еңбекақысын есептеуде аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесі қолданылған. Қазіргі нормативтік реттеудегі айқындықтың жеткіліксіздігі өңірлерде жұмыс уақытын әркелкі есептеуге жол береді", – делінген депутаттық сауалда.
Осыған байланысты депутат бірқатар ұсыныс тастады:
– Педагог-ассистенттердің аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесін және оны құқықтық тұрғыдан нақты бекіту мүмкіндігін қарастыруды, қаржылық негіздеме әзірлеу;
– Баланы тікелей сүйемелдеу уақыты мен сабаққа дайындалу, педагогтермен бірлесіп жұмыс істеу, құжаттама жүргізу сияқты өзге кәсіби міндеттерге жұмсалатын жұмыс уақытын нақты ажыратып, есепке алу тәртібін белгілеу;
– Педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын есептеудің республика бойынша бірыңғай тәртібін қамтамасыз ету.