Қазақстанда облыстық көпбейінді ауруханаларды жаңарту бағдарламасы аясында 2026 жылдың басынан бері 403 төсекке арналған 26 жаңа бейінді бөлімше ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаңа бөлімшелер тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмекті өз өңірінде алуға мүмкіндік беру және облыстық немесе республикалық орталықтарға бару қажеттілігін азайту мақсатында іске қосылып жатыр.
Бөлімшелер терапиялық бағыттағы ең сұранысқа ие жеті бейін бойынша құрылды. Олар – гастроэнтерология, ревматология, пульмонология, эндокринология, нефрология, гематология және кардиология.
Мәселен, Ақтөбе облысында 16 төсектен тұратын гастроэнтерология және нефрология бөлімшелері ашылды. Бұған дейін өңірде ревматология бөлімшесі құрылған.
Қостанай облысында 25 төсекке арналған гастроэнтерология, 20 төсекке арналған эндокринология және 30 төсекке арналған пульмонология бөлімшелерін ашу жоспарланған.
Қызылорда облысында 20 төсекке арналған ревматология және 20 төсекке арналған гастроэнтерология бөлімшелері жұмысын бастады.
Павлодар облысында 20 төсектен тұратын пульмонология және гастроэнтерология бөлімшелері ашылды. Ал Жетісу облысында 10 төсекке арналған пульмонология, 15 төсекке арналған гастроэнтерология және 10 төсекке арналған нефрология бөлімшелері іске қосылды.
Бағдарлама аясында халықтың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, ауруханалардағы төсек қорын медициналық бейіндер бойынша қайта бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бейінді бөлімшелердің санын арттыру ауруларды ерте анықтап, емдеуді уақытылы бастауға және асқыну қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесі жетілдіріліп, телемедицина, құзырет орталықтары және медицина кадрларын өңірлерде даярлау мен біліктілігін арттырудың заманауи тәсілдері енгізілуде.