Үкімет отырысында Екібастұз қаласын жылумен қамту мәселесі қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Екібастұз қаласында жылу беруді қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру керек. Апатқа себеп болған барлық мәселені тез арада шешу қажет", – деп бастады сөзін Әлихан Смайылов.
Бұл ретте Премьер-Министр Энергетика және Индустрия министрлігіне "Екібастұзжылуэнерго" мекемесіндегі технологиялық ережелерді бұзуға қатысты тексеру жүргізуді тапсырды.
"Қыс басталмай жатып, осындай төтенше жағдай орын алып отыр. Барлық әкім бұдан қорытынды шығаруы тиіс. Энергетика және индустрия министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, өңірлердегі энергетикалық объектілерге толықтай техникалық аудит жүргізіп, Үкіметке тиісті ақпаратты енгізсін.
Жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасын тексеру қажет. "Апат қаупі" жоғары объектілер бойынша жабдықтары мен инфрақұрылымына ерекше назар аудару керек.
Барлық жылу және энергия жүйелерінің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін осы объектілердің меншік иелерімен жұмыс жүргізу керек", – деді Смайылов.
Сонымен қатар ол Ұлттық экономика, энергетика және индустрия министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы аясында коммуналдық кәсіпорындардан келіп түсетін әрбір өтінімді мұқият зерттеуді тапсырды.
"Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын жаңғыртуға және жөндеуге бөлінетін қаражаттың нақты, мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алу керек.
Әкімдер жылу беру маусымын тұрақты жеке бақылауда ұстасын", – деп түйіндеді Премьер-Министр.