Өңірлердегі көші-қон мәселесі шешілмей тұр

1113

Көші-қон үдерісін жүзеге асырудағы мемлекеттік шаралардың нәтижесі ойдағыдай емес. Бұл туралы сенатор Айгүл Қапбарованың үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында айтты. 

Өңірлердегі көші-қон мәселесі шешілмей тұр

"2018 жылы және биылғы жылдың 9 айында Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірден 5123 адам қоныс аударған болса, өңірден 10 мыңга жуык адам көшіп кеткен. Осы облыста соңғы жылдары мектептер жабылып, ғимараттары аукционда сатылып жатыр", – деді депутат. 

Оның айтуынша, соңғы 5 жылда елден 189 765 адам көшкен. Оның 70 933-і –этникалық қазақ. 

"Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға кететіндердің 43,8%-ын 15-34 жасқа дейінгі жастар құрайтыны алаңдатады", – деді Айгүл Қапбарова. 

Сенатордың сөзінше, сыртқы көші-қон санын азайту үшін ішкі көші-қон үдерісіндегі еңбек теңгерімін сақтау қажет. Бұл үшін ел аумағының біртұтастығы үшін оңтүстіктен солтүстік аймақтарға бағытталған көші-қон үрдісін жалғастыру керек. 

"Қоныс аударушылар үшін мемлекет беретін тұрғын үйлердің көпшілігі қазіргі заманғы өмір сүру стандарттарына сай емес. Кейбір үйлер қоныс аударушылардың айтуынша, апатты жағдайда тұр. Қоныс аударушыларды
кәсіпкерлік қызметпен айналысуға қолдау көрсетудің кейбір тетіктері жеткіліксіз", – деді сенатор. 

Айгүл Қапбарованың пікірінше, халықты көшірудің арнайы мемлекеттік немесе өңірлік бағдарламасын әзірлеу қажет. Қазіргі таңда халықты көшіру процесі "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының бір бөлігі ғана. Бұл бағдарлама қоныстандыру барысында туындайтын міндеттер мен мәселелердің барлық мәселесін қамтымайды және шешпейді. 

"Өңіраралық көші-қон үдерісінде жас отбасыларға ерекше көңіл бөліп, мемлекеттік қолдаудың нақты тетіктерін жүзеге асыру қажет", – деді депутат.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу