Өңірлердегі жолдардың сапасы қандай?

855

Биыл жергілікті жолдарды дамытуға 119 млрд теңге бөлінген.

Өңірлердегі жолдардың сапасы қандай?

Еліміздегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 71%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап. 

Қазақстандағы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың ұзындығы – 71,6 мың шақырым.

2020 жылдың қорытындысы бойынша жолдардың 71%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. 2025 жылы мұндай жолдардың үлесі 95%-ға жетуге тиіс.

2021 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша өткен жылдары орындалған жұмыстардың нәтижесінде жергілікті маңызы бар 53 мың шақырым автожол жөнделген. Биыл жергілікті жолдарды дамытуға 119 млрд теңге бөлініп отыр. Осылайша, жоғарыдағы көрсеткіш 78%-ға немесе 55 мың шақырымға артады.

Жоспар бойынша 150 шақырым жол салынады, ал 1150 шақырым жол жөнделеді.

Өңірлерде облыстық және аудандық жолдардың жағдайы бірдей емес. Осыған дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарындағы жолдардың сапасы төмен екенін, әкімдіктер тиісті деңгейде жұмыс істемей жатқанын атап өткен еді.

2025 жылға дейін өңірлердегі 15 мың шақырым автожол қайта жаңартылады және күрделі жөндеуден өтеді, 12 мың шақырым жол орташа деңгейде жөнделеді.

Жалпы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 2021 жылы – 83%-ға, 2022 жылы – 86%-ға, 2023 жылы – 89%-ға, 2024 жылы – 92%-ға, 2025 жылы – 95%-ға жетуі тиіс.

Сондай-ақ елімізде стандарттарды сақтау және жолдарды реконструкциялау сапасын арттыру мақсатында жолдарды жөндеу кезінде техникалық қадағалау рейтингін жасау жоспарланып отыр.
Рейтинг техникалық қадағалауды жүргізетін инженерлерге жолдың сапасын тиісті деңгейде бақылауға мүмкіндік береді. 

Айта кетейік, жолдардың сапасы бойынша Қазақстан әлемдік рейтингіде 93-орында тұр. Еліміз тізімде Ресейден жоғары тұрғанына қарамастан жолдардың сапасын арттыру шараларын күшейтуі керек.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу