18 қазанда Қызылорда және Арал қалаларында арнайы операция барысында өңірлік ұйымдасқан қылмыстық топтың 32 қатысушысы ұсталды, деп жазады inbusiness.kz ҰҚК сайтына сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, топтың әр мүшесінің өзіне жүктелген міндетіне қарай нақты құрылымы болған.
"Қажетті шешімдерді тұрақты түрде өткізіліп тұратын "жиналыстарда" қабылдап тұрған. Ұсталғандардың қатарында трансұлттық қылмыстық ұйымдардың топ басшыларына бағынышты және солардың атынан әрекет етіп, Қызылорда облысының қылмыстық иерархиясында белгілі бір дәрежеге ие болғандар бар" - деп жазылған хабарламада.
Ұсталғандардың тұрғылықты мекен-жайларынан қарудың бірнеше түрі, "ұрылар кассасының" сметасы, есірткі және өзге де заттар мен құжаттар тәркіленді.
"Қолға түскендер қылмыстық топ құру, басқару және қаражаттандыру, бопсалау сынды ауыр қылмыстар жасады деген күдікке ілінген", - деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитеті.