Онлайн-несие алудағы қауіпсіздік күшейтіледі

390

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қосымша шаралар әзірлеп жатыр.

Онлайн-несие алудағы қауіпсіздік күшейтіледі

Елімізде енді онлайн-несие алу қазіргідей оңай болмауы мүмкін. Өйткені, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қосымша шаралар әзірлеп жатыр. Ол банктер мен қаржы институттарының қашықтан қызмет көрсету қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Бұл алаяқтықтың жолын кесе ме?

Талқыланып жатқан шаралардың ішіндегі ең негізгісі, ол биометрия. Яғни, қашықтан несие алатын адамның бет-жүзін тексеру. Ол қазір де бар. Тек, осы күнге дейін ол банк деректерімен ғана сәйкестендіріліп келген. Енді Ішкі істер министрлігіндегі ақпаратпен тексеріледі. Одан өзге, орталықтандырылған алаяқтармен күрес орталығын құру қарастырылып жатыр. 

"Қазіргі уақытта банк күдікті операцияларды көріп тұрса да оны өзгеге айта алмайды. Өйткені, банктік құпия деген бар. Жаңа құрылғалы отырған орталық арқылы енді банктер қандай да бір алаяқтық операциялар туралы бір-біріне жедел ақпарат беріп отырады. Бұл дегеніміз клиенттің өзге банктегі ақшасы бұғатталып, алаяқтардың қолына түспейді", - дейді ҚҚҚ Қаржылық технологиялар және инновациялар секторының директоры Константин Пак.  

Шынында, қазіргі уақытта қаржы саласындағы алаяқтық туралы нақты ақпарат жоқ. Өйткені, кей клиенттер сома аз болса, оны жария қылмайды. Енді орталық ашылатын болса, барлық алаяқтық әрекет бір жерге жиналып, өңделеді, дейді мамандар. Талқыланып жатқан жаңашылдықтың тиімді тұстары бар екенін жасырмады. 

"Енді қарыз алушылар үшін "ақшаны қаржы ұйымының кассасынан аламын" деген жолақ пайда болады. Бұл да қауіпсіздік тұрғысынан оң шешім деп білемін", - дейді Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев.

Әзірге талқыланып жатқан бұл жаңашылдықта несие алушы кеңейтілген биометриядан өтуі мүмкін. Бірақ, интернеті әлі күнге дейін мардымды жұмыс істемейтін ауылдар бар екенін елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Біра жағынан бұл бастама, егер басқа біреу сіздің атыңыздан несие алуға әрекеттенсе, оның жолын кеседі, дейді мамандар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу