Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап азаматтар онлайн-тәртіпте айыппұл төлеп, ұшуға қойылған шектеуді бірден алып тастай алады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық тәртіптегі отырысында "Азаматтар үшін Үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгінгі күні азаматтар кедендік бақылаудан өту барысында оларға ұшуға шектеу қойылғандығы туралы ақпарат беріліп жатады. Корпорация басшысының айтуынша, осы мәселені шешуге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр.
"Бүгінгі күні Әділет министрлігімен және "Қазпошта" АҚ-ымен бірлесіп, бұл мәселе талқыланды. Маусым айынан бастап азаматтар айыппұлдарды онлайн-режімде бірден төлеу мүмкіндігін алады және ұшуға қойылған шектеу бірден алынып тасталады. Бұл қызмет түрін Қазпошта осы жылдың маусым айынан бастап іске қосуды жоспарлап отыр", - деді Абылайхан Оспанов.