"Оңтүстік Қаратұрын" кен орнындағы өрт экологияға қандай зиян келтіреді?

456

Кен орнындағы өрт әлі сөндірілген жоқ.

"Оңтүстік Қаратұрын" кен орнындағы өрт экологияға қандай зиян келтіреді? Фото: видео скриншот

Маңғыстау облысында "Оңтүстік Қаратұрын" кен орнында екі ай бойы №303 апаттық ұңғыма өртеніп жатыр.

Экологтардың айтуынша, зиян апат жойылғаннан кейін есептеледі. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин осы кен орнында көшпелі кеңес өткізді.

"Бозашы Мұнай" ЖШС басшылығы өртті жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің мәліметінше, мамандар өрт кезінде ластаушы заттардың болуына атмосфералық ауаны өлшеген. Нәтижеде метан - 2540 мг/м3 ластаушы зат бойынша шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кеткені анықталды.

"Экологтар оқиға орнының атмосфералық ауасының аспаптық сынамаларын мезгіл-мезгіл іріктеп алады. Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті апатты жойғаннан кейін қоршаған ортаға келтірілген залалдың көлемін анықтау мақсатында жоспардан тыс тексеру тағайындайтын болады", - дейді облыстық экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов.

Естеріңізге сала кетейік, 29 маусымда Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин еліміздің Премьер-Министрі мен Бас прокурорына сауал жолдаған болатын. Оның айтуынша, "Бозашы мұнай" компаниясы кен орнында шикізатты заңсыз өндіреді. Ол билікті компанияны тексеруге шақырды.

Егер факт расталса, жер қойнауын пайдаланушымен келісімшартты бұзып, кен орнын мемлекетке қайтаруға, сондай-ақ компанияны барлық лицензиялардан айыруға үндеді.                                                                      

Премьер-министр Әлихан Смайылов 12-30 маусым аралығында компанияда тексеру жүргізілгенін және мұнайды заңсыз өндіру мен сату фактілері анықталмағанын айтты.

Бұған дейін Спутниктен түсірілген суреттер кен орнында қуатты парниктік газдың ауқымды шығып жатқаны хабарланған болатын. Ұңғымаға жауапты компания бұл жерде метан молекулалары аз ыстық бу бұлттары түзілген деп мәлімдейді.

Соңғы ақпар бойынша, Маңғыстаудағы кен орнында жалынды сөндіруге 300 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Мұнай компаниясы өрт қыркүйек айының соңына дейін жойылады деген үмітте.                                                                                                                                                                                                    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу