Оңтүстік кәсіпкерлікті дамыту арқылы көшбасшы аймаққа айналуы тиіс

667

Оңтүстік кәсіпкерлікті дамыту арқылы көшбасшы аймаққа айналуы тиіс

Оңтүстікке жасаған жұмыс сапарында Нұрсұлтан Назарбаев Сайрам ауданындағы жоғары технологияларды қолдану арқылы алма өсіріп, оны сақтаумен және сатумен айналысатын "DALA-FRUIT.KZ" ЖШС-ның жұмысымен танысты. Бау шаруашылығында әлемдік тәжірибені қолданатын компания жылына 8-10 мың тонна алма өсіреді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

"Бұдан 10-15 жыл бұрын өзіміз осындай алуан түрлі өнім өндіреміз деп ойлап па едік? Ал бүгін ол шындыққа айналды", – деген Нұрсұлтан Әбішұлы өңіріміз кәсіпкерлікті дамыту арқылы көшбасшы аймаққа айналуы тиіс екенін жеткізді.

Кездесуде елбасыға өңір басшысы Жансейіт Түймебаев облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндап, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұсынылды.

Жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналған көпшілікке бақ-береке тілеп, жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізуіне ниеттестігін білдірді.

Айта кетейік, мемлекеттік индустриялық инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған "DALA-FRUIT.KZ" ЖШС-да бастапқыда 83 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, компания жұмысын бастаған 3 жылда оның саны 277 адамға жеткен. Жалпы аумағы 106,5 гектар серіктестік бауына 215 мың түптен астам жеміс ағашы егілген. Мұнда алманың "Гренни", "Смит", "Фуджи", "Голден – делишес", "Гала", "Айдаред" алхоры мен шиенің "Стенлей" атты шетелдік сұрпын кездестіруге болады. Яғни мұндағы 1 га жерге шамамен 2500 түп көшет қондырылған. Заманауи техникамен жабдықталған бау тамшылатып суару жүйесі арқылы жұмыс істейді.

Оңтүстік Қазақстанда интенсивті бау шаруашылығын қарқынды дамыту жұмысы қолға алынғаны белгілі. Облыста жалпы жеміс-жидек ағаштары алқаптарының аумағы 19,5 мың га болса, оның 2 мың гектары қарқынды бауларға жатады. Өңір шаруалары осы жылы аймақта 1,5 мың га жерге қарқынды бау тәсілімен көшет отырғызып, интенсивті баулардың жалпы көлемін 3,5 мың га жеткізу жоспарланып отыр.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласы Оңтүстік Қазақстан облысы экономикасының негізгі бағыты. Осы жылдың қаңтар-наурыз айларына ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 64,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,9 млрд теңге артты. Осылайша, республикада ауыл шаруашылығында ОҚО үлесі 18,2%-ды құрап, бірінші орынға шықты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу