Оңтүстік Қазақстандағы шатқалдар жекешелендірілмейтін болды

1415

Оңтүстік Қазақстандағы шатқалдар жекешелендірілмейтін болды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен кезекті селекторлық жиында облыстағы төтенше жағдайлардың алдын алу, шатқалдарды демалыс орындарына айналдыру және жастар мәселелері  қаралды.  Аталған  салалар басқарма басшылары мен аудан-қала әкімдерінің қатысуымен талқыланды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Нұрболат Дербісовтің баяндауынша өңірде көпқабатты үйлерде құрылыс нормаларын сақтамай, баспаналарын өз бетінше жылытуға көшкендер  аз болмай тұр. Шымкенттің өзінде 15189  тұлға автономды жылыту қазандықтарына қосылған. Осындай әрекеттердің салдарынан облыста газ бен көмірге уланғандардың қатары алдыңғы жылмен салыстырғанда бірқатар  көбейген. Аталған олқылықтар мен апатты жағдайлардың алдын алу үшін департамент газ техникалық инспекциясын құруды ұсынады.

Облыс басшысы ұсынысты қолдап, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жеке үй мен құрылыстарының сапасы қандай деңгейде екенін анықтауды міндеттеді.

Шатқалдарды абаттандыру туралы есеп берген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың айтуынша, облыс орталығында 47 шатқал бар. Олардың жалпы көлемі 168 804 гектарды құрайды. Облыс әкімінің тапсырмасымен биыл солардың 13-і абаттандырылады. Алғашқы кезеңде қолға алынатын 6 шатқалдың біреуіне бюджет қаржысы жұмсалса, қалғаны демеушілер есебінен демалыс орындарына айналдырылмақ. 

"Шатқалдар біздің ұлттық қорымыз болып саналады. Жекешелендіруге жатпайды. Көгалдандыруға, ағаш егуге ғана рұқсат етіледі. Бірінші кезеңді таяуда сенбілікпен бастаймыз. Әр басқарма, оқу орындарының барлығына шатқалдарды тазалау жұмыстары бөлініп берілуі тиіс", – деді Жансейіт Түймебаев.

Облыс басшысы мұндай шатқалдардың аудан орталықтары мен қалаларда кездесетінін тілге тиек етті. Әкімдерге абаттандыру жұмыстарының жоспарларын жасауды жүктеген өңір басшысы келесі кезекте Арыс, Шаян, Қошқарата, Бадам өзендерінің аңғарларын абаттандыруға кірісу қажеттігін жеткізді.

Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Болат Жанәбілдің талқылауға ұсынылған баяндамасына қанағаттанбаған облыс басшысы "Жұрттың бәрі білетін мәліметтерді қайталап айта  берудің қажеті жоқ. Одан да Жастар ресурстары орталығын дұрыс мақсатта пайдаланып, күніне 2-3 шара өткізуге ұмтылыңыздар" деп ескертті. Сонымен қатар, жастар арасында сауалнама жүргізіп, қорытындысын шығаруды тапсырды. Басқармалардың байланысып, жастарды қызықтыратын жаңа жобалар  жасауды міндеттеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу