14 сәуірде Оңтүстік Корея мемлекеті Құрама Штаттарға коронавирус инфекциясын анықтайтын 600 мың тест сатпақ. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Өйткені 25 наурызда Ақ үй басшысы Дональд Трамп Оңтүстік Корея президенті Мун Чже Инге тапсырыс берген болатын. Бұған дейін де корей компаниялары АҚШ-қа бірнеше мәрте тест жіберген.
Медициналық құралдар Федералды агенттіктің ұшағымен Вашингтонға 14 сәуірде жеткізіледі. Ал жақын күндері ресми Сеул тағы да 150 мың дана тестті Вашингтонға сатпақ.
Джонс Хопкинс Университетінің соңғы мәліметі бойынша, АҚШ-та вирус жұқтырғандардың саны 550 мыңнан асып, оның 21 мыңнан астамы қаза тапты. Нью-Йорк штатындағы науқастардың саны шамамен 190 мыңға жетіп, оның 9 мыңы қайтыс болды. Қазір бұл ел вирус жұқтыру және індеттен қаза табу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарда Италия, Испания және Франция мемлекеттері тұр.
Ал әлем бойынша Covid-19 жұқтырғандардың саны 1,85 миллионнан, қаза тапқандардың саны 114 мыңнан асқан.
Табиғат Нұрболат