Бұл сайлау бұрынғы Мемлекет басшысы Юн Сок Ёль қызметінен шеттетілгеннен кейін өткізіліп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Елдің Ұлттық сайлау комиссиясының мәліметінше, шамамен 44 миллион сайлаушы тіркелген. Ел бойынша 14 295 сайлау учаскесі ұйымдастырылып, дауыс беру жергілікті уақытпен таңғы 06:00-де басталды. Алғашқы үш сағат ішінде 4,09 миллион адам немесе сайлаушылардың 9,2 пайызы дауыс беріп үлгерген.
Бұған дейін, 29-30 мамырда өткен мерзімінен бұрынғы дауыс беруге 15,4 миллион сайлаушы (34,74%) қатысып, бұл көрсеткіш 2014 жылы енгізілген мерзімінен бұрын дауыс беру тарихындағы рекорд болып тіркелді.
Президенттік сайлауға 5 кандидат қатысып жатыр. Негізгі үміткерлер қатарында оппозициялық Демократиялық "Тобуро" партиясынан Ли Чже Мён мен "Азаматтық күш" партиясынан Ким Мун Су бар. Сондай-ақ, бюллетеньдерде "Жаңа реформалар партиясынан" Ли Джун Сок, Демократиялық еңбек партиясынан Квон Ён Гук және тәуелсіз кандидат Сон Джин Хо ұсынылған. 2022 жылғы сайлауда Ли Чже Мён Юн Сок Ёльге небәрі 0,7 пайыз айырмашылықпен жеңіліп қалған еді. Бұл жолы сарапшылар оның жеңіске жету мүмкіндігін жоғары бағалап отыр. Соңғы сауалнамаларға сәйкес, Ли шамамен 40 пайыз дауыс жинап, Кимнен 10 пайыздық тармаққа алда келеді.
Дауыс беру жергілікті уақытпен кешкі 20:00-де аяқталады. Дауыс санау бірден басталып, келесі күннің таңына дейін жалғасады. Ал алдын ала нәтижелер түн ортасына дейін белгілі болады деп күтілуде.
Ресми қорытындылар ертең таңертең өтетін Ұлттық сайлау комиссиясының отырысында жарияланады. Себебі сайлау қызметінен шеттетілген президентке байланысты өткізіліп отырғандықтан, жаңа сайланған мемлекет басшысы өтпелі кезеңсіз, ертеңгі салтанатты ант беру рәсімінен кейін бірден қызметіне кіріседі.
Еске салсақ, 2024 жылдың 3 желтоқсанында Юн Сок Ёль оппозицияны мемлекетке қарсы әрекет жасады деп айыптап, елде әскери жағдай жариялаған болатын. Алайда парламент бұл шешімге қарсы шығып, үкіметке оны жоюға тура келді. 14 желтоқсанда Ұлттық жиналыс президентті қызметінен уақытша шеттету туралы шешім қабылдады. Бұл шешімді 2025 жылғы 4 сәуірде Конституциялық сот мақұлдап, Юнның әрекетін билікті асыра пайдалану деп таныды. Осыған байланысты жаңа президент сайлауы 3 маусымға белгіленген еді.