Осы тақырыптағы семинар Сеул қаласында өтті, деп хабарлайды 24Хабар.
Өткен жылдың қазан айында елімізде "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу" заңы қолданысқа еніп, "Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры" жұмысын бастаған болатын. Жаңа заң бойынша құрылыс компаниялары қордың кепілдігін алмаса үлескерлердің қаражатын тартуға құқылы емес. Қор құрылыс компаниясы өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда үлескерлерге тұрғын үй құрылысының аяқталуына кепілдік береді.
Аталған қор Оңтүстік Кореяның тұрғын үй құрылысына кепілдік беру тәжірибесінің негізінде құрылды. Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру жүйесі Кореяда 1993 жылдан бері сәтті жүзеге асуда. Ал бізде отандық қорға 2016 жылғы қазан айынан бері бір ғана құрылыс компаниясы кепілдік сұрап өтініш жасаған.
Қор өкілдерінің айтуынша, кепілдік беру жүйесінің жұмысын тиімді ету үшін қолданыстағы заңға түзетулер енгізу қажет.
"Талабымыз бойынша тұрғын үй құрылысына кепілдік беру үшін алдымен құрылыс компаниялардың жер пайдалану құқығын кепілге алуымыз керек. Ал құрылыс компаниялардың көбінде жерді пайдалану құқығы қысқа мерзіммен шектелген. Көп ұзамай бұл мәселе шешімін тауып, кепілдік сұрайтындар көбейетеніне сенеміз", – деді "Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Жұматаева.