Корея Республикасы мен АҚШ Ulchi Freedom Shield деп аталатын бірлескен оқу-жаттығуларын бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz Yonhap агенттігіне сілтеме жасап. Шара 1 қыркүйекке дейін өткізіледі.
Тараптар ауқымды соғыс сценарийін дайындауы тиіс. Олар Солтүстік Корея агрессиясынан қорғану іс-қимылдарын пысықтайды. Сонымен қатар әскери күштердің шабуылына қарсы тұру маневрлерін орындайды.
Жалпы 13 далалық маневр бағдарламасы жоспарланған. Әскери қызметкерлер атом электр станцияларындағы жарылғыш құрылғыларды анықтау, жартылай өткізгіштер зауытындағы өртті сөндіру, банк жүйесінің істен шығуына жол бермеу, әуежайлардағы террорлық шабуылдардың алдын алу, дрондардың шабуылдарын тойтару техникаларын пысықтайтын болады.
Мұндай жаттығулар соңғы төрт жылда алғаш мәрте ұйымдастырылып отыр. Өйткені ел үкіметі Солтүстік Кореяны арандатпау үшін Вашингтонмен бірлесе ешқандай әскери шара ұйымдастырмады.
Бұған дейін АҚШ пен Оңтүстік Кореяның Қорғаныс министрліктері әскери ынтымақтастықты күшейту туралы шешім қабылдағанын мәлім еткен болатын.
Табиғат Нұрболат