24 ақпаннан бастап Оңтүстік Кореяға баратын туристерге көші-қон картасын елге кіруге үш күн қалғанда онлайн толтыруға мүмкіндік жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мұндай ақпаратты Оңтүстік Кореяның Әділет министрлігі хабарлаған.
E-Arrival картасы (электрондық келу картасы/көші-қон картасы) деп аталатын жаңа электронды карта тексеру уақытын қысқартып, әуежайлардағы кептелісті жеңілдетеді деп жоспарланған. Бұл екінші жағынан туристерді көптеп тартуға көмектеседі.
Бұған дейін Оңтүстік Кореяға қысқа мерзімді сапарлармен, саяхаттап келген шетелдіктер әуежайда қағаз түріндегі иммиграциялық карталарды қолмен толтыруы қажет еді.
Министрлік көпшілікті шатыстырмау үшін әрі жұмысты жеңілдету мақсатында қағаз жүйесін жаңа электронды жүйемен бірге жылдың соңына дейін сақтауды көздеп отыр.