Оңтүстік Кореяда 10 мыңға жуық отандасымыз жасырын еңбек етіп жүр

921

Депутат Асқар Бейсенбаев короновирус пандемиясына қарамастан ондағы азаматтарымыздың қайтуға ынтасы жоқ деген мәлімет айтты.

Оңтүстік Кореяда 10 мыңға жуық отандасымыз жасырын еңбек етіп жүр

Мәжілісмендер Оңтүстік Кореяда Қазақстаннан барған заңсыз еңбек мигранттарының көбеюіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Депутат Асқар Бейсенбаев бір топ әріптесінің атынан Кореядағы қазақстандық еңбек мигранттары туралы мәселе көтерді.

"Ақпарат беттерінде жарияланған деректерге сәйкес, қазақстандық жастардың дамыған елдердегі заңды және заңсыз еңбек көші-қонын реттеу бойынша шешілмеген мәселелер жиі көрсетіліп келеді. Соның бірден-бірі, біздің азаматтарымыз үшін жасырын еңбек етуге тартымды елдердің қатарында Оңтүстік Корея бар. Бұл елге қазақстандық азаматтар заңсыз еңбек ету үшін, соңғы 6 жыл бойы туристік визаны арқау етіп, жасырын барады", - деді депутат.

Мәжілісменнің дерегінше, 2014 жылдан бері Оңтүстік Корея еліне заңсыз еңбекке баратын мигранттардың саны 359 адамнан 2019 жылы 12 мың адамға дейін күрт өскен.

Оның көбі - 20 мен 35 жас аралығындағы белсенді еңбекке қабілетті жастар.

"Бұл елде жасырын еңбек етуші азаматтарымыздың құқықтары мүлдем қорғалмаған. Кей отандастарымыз ауру мен жарақаттан қайтыс болады. Өйткені олардың медициналық және әлеуметтік көмек алуға ешқандай мүмкіндігі жоқ", - дейді Асқар Бейсенбаев.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы Кореяда 10 мыңға жуық отандасымыз заңсыз, яғни жасырын еңбек етіп келеді.

Депутат короновирус пандемиясына қарамастан ондағы азаматтарымыздың қайтуға ынтасы жоқ деген мәлімет айтты.

Ол, сондай-ақ, Оңтүстік Кореяға жасырын келетін заңсыз мигранттардың негізгі легі Түркістан өңірі мен Шымкент қаласынан екенін жеткізді.

"Ұлттық банктің ресми мәліметінше, 2015 жылдан бастап Оңтүстік Кореядан Қазақстанға ақша аударымдары 1,7 миллионнан 105 млн АҚШ долларына дейін өсті. Яғни 6 жылдың ішінде Корея елінен аударылған қаржы көлемі 60 есе ұлғайған", - деген депутат Кореяға Қырғызстан, Моңғолия және Өзбекстан елдерінен азаматтар көп баратынын, бірақ ол елдердің азаматтары заңды, екіжақты келісімшарттың негізінде, "Е-9 уақытша" еңбек визасын алу арқылы жұмыс жасап жүргенін атап өтті.

"Әр қазақ – менің жалғызым" деп Сабыр Адай айтқандай, Отанынан жырақта еңбегін пұлдап, нан табудың жолында жүрген азаматтарымыздың мәселесін кім шешпек?! Біле білсеңіздер, 12 мың адам - он мыңдаған тағдыр мен олардың тілеуін тілеп жүрген 12 мың отбасы. Осыған байланысты, Үкімет бұл мәселені ерекше бақылауға алып, Оңтүстік Корея мемлекетіндегі қазақстандықтардың заңды еңбек ету мүмкіндіктерін тез арада пысықтауы қажет деп санаймыз", - деді Асқар Бейсенбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу