ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазіргі кезде мемлекеттік органдар біздің дайындаған келімшартқа келісім беріп, ол құжат Оңтүстік Кореяға сыртқы істер министрлігінің каналдарымен жіберілді. Қазір сол жақта қарастырылып жатыр. Осы жазда Корея Президенті келгенде еңбек министрліктері меморандумға қол қойылды, оған сәйкес қазір құжаттармен алмасу жүруде. Біздің вице-министр осы жұмыс бойынша Кореяға барып келді. Оңтүстік Корея біздің мемлекетке үш талап қойып отыр. Біріншісі – Кореядағы елшілікте жұмыс туралы атташе лауазымын енгізу. Екіншіден, 15 мыңға жуық біздің азамат ол жақта заңсыз жүр, сол азаматтарды елге шақырыңдар деп талап қойып отыр. Үшінші талабы – қазақстандықтар Корея Республикасына жұмыс істеуге барарда халықаралық сертификаттау рәсімдерінен өтуі керек. Біз үш өңірде орталықтарды даярдап қойдық. Айта кету керек, барлық талабын орындадық, енді күту ғана қалды", - деді Светлана Жақыпова Мәжіліс кулуарында.
Министр Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген 15 мың қазақстандықты елге қайтару жұмыстарымен Ішкі істер министрлігі айналысып жатқанын айтты.
"Егер олар қазір әуежайға келіп, билет сатып алса, оларға ешқандай әкімшілік-құқықтық міндеттемелер қойылмайды. Олар бір мерзімге келмей, қалып қойса, құқықтық міндеттемелерді атқарады", - деп нақтылады ол.
Ведомство басшысы Оңтүстік Кореяда ел азаматтарына қашан заңды түрде жұмыс істеуге рұқсат берілуі мүмкін екенін жеткізді.
"Оны жыл аяғына дейін бітіру жоспарымызда бар. Негізі бұл жұмыспен бір жыл бойы айналыстық", - деді министр.