Тіпті, құлауы мүмкін екені де алдын ала болжанған көрінеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Оңтүстік Корея Республикасындағы метро құрылысы жермен-жексен болып құлады. Мұны Ренхап агенттігі жазды.
Ел астанасы Сеулдің оңтүстігінде орналасқан Гванмёнг қаласындағы жерасты құрылыс алаңы жергілікті уақыт бойынша жобамен 15:13-те опырылып түскен. Учаскедегі 17 жұмысшының біреуі жер астында қалып қойса, бір экскаваторшының ізім-қайым жоғалғаны мәлім болды.
Жойқын апат салдарынан жолдар мен жақын маңдағы коммерциялық нысандар да зақымданды. Әзірге оның нақты саны хабарланбады.
Қайғылы оқиға болмас бұрын салынып жатқан жерасты туннелінің тіреуіштерінде жарықтар бар екені айтылыпты. Сондықтан, метро құрылысының құлау ықтималдығы да жоғары саналған.
– Жақын маңайда тұратын тұрғындарды эвакуациялау туралы бұйрық берілді, – деп хабарлады жергілікті билік өкілдері.
Апаттан соң маңайдағы жолдар толық жабылды, қозғалыс шектелді.
Қазір жауапты органдар өз жұмысын атқарып жатыр.