Оңтүстік Корея билігінде ауыс-түйістер болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Күні кеше Оңтүстік Корея президентінің міндетін уақытша атқарушы Хан Док Су отставкаға кетті. Осы лауазымды уақытша атқаруы тиіс болған қаржы министрі Чхве Сан Мок та отставкаға кететінін жариялады.
"Ішкі және сыртқы ауыр экономикалық ахуалға байланысты өз міндеттерімді жалғастыра алмайтыным үшін халықтан кешірім сұраймын", - делінген Чхве мәлімдемесінде.
Енді осы жауапты міндет білім министрі Ли Джу Хоға жүктеліп отыр.
Конституциялық сот президент Юн Сок Ёльге импичмент жариялау туралы шешімді мақұлдағаннан кейін, президент сайлауы 3 маусымға белгіленді. Президент м.а. Ли Джу Хо елді осы уақытқа дейін басқаратын болады.
Yonhap жазуынша, 2 мамыр күні бұрынғы премьер-министр Хан Док Су алдағы сайлауға өз кандидатурасын ұсынатынын ресми түрде жариялады.
"Алдағы президент сайлауында халық мені таңдауы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын", - деді Хан Док Су.
Айта кету керек, бұған дейін Оңтүстік Корея президентінің міндетін атқарушы Хан Док Су отставкаға кеткенін жаздық.