ҚР СІМ: Оңтүстік Кореядағы қазақстандық үй жағдайында карантинде болуы керек

1412

ҚР СІМ ресми өкілі Кореядағы қазақстандыққа қатысты мән-жайды айтты.

ҚР СІМ: Оңтүстік Кореядағы қазақстандық үй жағдайында карантинде болуы керек

 

3 наурызда отандық "Хабар24" телеарнасы Оңтүстік Кореядағы Ансонг қаласының полиция қызметкеріне сілтеме жасай отырып, сол елде заңсыз жүрген қазақстандық коронавирус жұқтырды деп хабарлаған еді. Сонымен қатар оның ауруханада осы вирусты анықтайтын сынақтан өткеннен кейін қашып кеткенін, қазір іздестіріліп жатқанын мәлімдеген еді.

Бұл ақпаратты бүгін ҚР СІМ ресми өкілі жоққа шығарды. Айтуынша, бұл фейк ақпаратты Оңтүстік Кореяның әлеуметтік желілеріндегі орыстілді топтар жариялапты.

"Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі тиісті шаралар жүргізіп, оның нәтижесінде бұл ақпарат расталмады. Жергілікті полиция және біздің азаматпен байланыс орнатылған. Ол бұған дейін клиникаға бармағанын және коронавирустың бар-жоғын анықтайтын қандай да бір анализ тапсырмағанын жеткізді. Корей полициясының ақпараты бойынша, осыдан бірнеше күн бұрын қазақстандық азамат Covid-19  коронавирусына шалдыққан адам барған қоғамдық тамақтану мекемесінде болған. Осыған байланысты белгіленген тәртіпке сәйкес, оған және сол уақытта осы мекемеде болған барлық адамдарға егер аурудың сыртқы белгілері байқалған жағдайда вирустың бар-жоғына қатысты тест тапсыру қажет. Біздің Елшілік коронавирус Оңтүстік Корея аумағында анықталған алғашқы күннен бастап жергілікті Ішкі істер министрлігімен және Ауруларды бақылау, алдын алу корей орталығымен тығыз жұмыс істеп келеді. Аталған орталықтың ұсынысы бойынша біздің отандасымыз телефон арқылы күнделікті денсаулығына бақылау жүргізіп, үй карантинінде болуы қажет", – деді Смадияров.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу