Оңтүстік Кореяға сапарында қазақстандық дипломаттар жұмыс іздеп барғандардың мәселесін көтерді

958

Соңғы мәліметтерге сәйкес, бұл елде 11 мыңнан астам қазақстандық заңсыз жүр. 

Оңтүстік Кореяға сапарында қазақстандық дипломаттар жұмыс іздеп барғандардың мәселесін көтерді

Оңтүстік Кореяға барып, жұмыс істеп, нәпақа тауып жүрген қазақстандықтар бар. Бірақ олардың арасында заң бұзып жүргендері де табылады. Екі елдің сыртқы істер министрліктерінің өкілдері осы мәселелерді талқылады, деп хабарлайды 24.kz.

Қазақстандық дипломаттар азаматтарымызға таңғы самал елінде заңды түрде жұмыс істеуге құқық беруді және сотталғандар мәселесіне қатысты келісімдер ұсынып отыр.

Қазақстан мен Корея арасындағы бесінші консулдық кеңес Кореяның сыртқы істер министрлігі ғимаратында өтіп жатыр. Еліміздің делегациясы құрамында сыртқы істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің және ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері бар.

Оңтүстік Кореяда заңсыз тұрып жатқан қазақстандықтардың тағдыры қандай? Олардың құқықтары қорғала ма? Бұл – қазақстандық министрліктер мен ведомстволар өкілдерінің оңтүстіккореялық әріптестеріне қойылған басты сұрақтар. Бірақ Кореяның сыртқы істер министрлігінде өз жауаптарын кейінірек беруге уәде берді.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, бұл елде 11 мыңнан астам қазақстандық заңсыз жүр. Олардың ішінде 1200 Корея үкіметінен баспана сұрады. Осындай өтініштердің шынайы себебін қазақстандық дипломаттар корейлік әріптестеріне түсіндірді.

Қазақстандық министрлік өкілдері корейлік әріптестерді қазақстандық жұмысшыларға квота бөлу туралы келісімге қол қоюға шақырды.

 "Квота бойынша жұмыс істейтін еңбек мигранттары жеткілікті болғандықтан, бұл келісім қолдау таппады. Егер Қазақстан Республикасының азаматтары Кореяда оларды жұмысқа алуға ниетті компанияларды табатын болса, олар Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігіне өтініш беру құқығына ие және бұл мәселе заңмен қарастырылып, шешіледі", – дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Ерлан Райғаниев.

Сондай-ақ Корея аумағында сотталған және осы жерде жазасын өтеп жатқан он екі қазақстандықтың және елімізде сотталған 12 Корея азаматтарының мәселесі қарастырылды.

Кореяның Сыртқы істер министрлігі бұл келісім оңтүстіккореялық ведомстваларымен келісілгенін хабарлады және бұл құжатты Қазақстанға сапар барысында қол қоюға уәде берді.

Консулдық кеңестер жылына бір рет өтеді. Қос мемлекет дипломаттардың алтыншы келіссөздері келесі жылы Астанада жоспарланған. Бірақ Сеулде талқыланған сұрақтар бойынша қатынасхаттармен алмасу жыл бойы жүргізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу