Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы сотталды

123

Сот материалдарына сәйкес, Ким Кон Хи 2022 жылдың шілде айында іскерлік көмек сұраған Біріккен шіркеу өкілінен Chanel брендінің сөмкесі мен Graff зергерлік үйінің қымбат алқасын қабылдаған.  

Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы сотталды Фото: РБК

Сәрсенбі күні Сеул соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Кон Хиді қызметтік ықпалын жеке пайдасына пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, оны 1 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Айыпталушы бұл сыйлықтарды пара ретінде алғанын жоққа шығарып, нақты талап немесе өтініш болмағанын алға тартқан. Алайда сот бұл уәжді негізсіз деп таныды.

– Сотталушы өз мәртебесін жеке пайда табу мақсатында пайдаланған. Ол шіркеу ұйымы тарапынан ұсынылған қымбат сыйлықтардан бас тартпаған, – делінген сот үкімінде.

Сонымен қатар Ким Кон Хиге 2010–2012 жылдар аралығында Deutsch Motors компаниясының бұрынғы басшысымен және оның серіктестерімен бірге акция бағасын жасанды түрде өсіруге қатысқан деген айып тағылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл әрекеттер заңсыз қаржылық пайда табуға бағытталған.

Бұдан бөлек, оған 2022 жылғы президент сайлауы қарсаңында өзін ықпалды саяси тұлға ретінде таныстырған азаматтан тегін әлеуметтік сауалнамалар алғаны үшін Саяси қорлар туралы заңды бұзды деген айып та тағылды.

Айта кетейік, Ким Кон Хи тамыз айынан бері қамауда отыр. Yonhap агенттігінің мәліметінше, ол өзіне тағылған барлық айыптауларды толық жоққа шығарған.

Арнайы прокурорлар тобы бұрынғы президент Юн Сок Ёльдің жұбайына 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Алайда Сеулдің орталық аудандық соты оны акция бағасын манипуляциялау және саяси қаржыландыру заңын бұзу баптары бойынша ақтады.

Бұрынғы бірінші ханымның қорғаушылары шығарылған үкімді шамадан тыс қатаң деп бағалап, апелляциялық шағым беру мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу