Оңтүстік Корея билігі сыбайлас жемқорлық үшін сотталған бұрынғы Президент Пак Кын Хеге рақымшылық жасады, деп хабарлайды Inbusiness.kz Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
Қазіргі биліктің мұндай шешім қабылдауына экс-басшының денсаулығының нашарлауы себеп болған. 2019 жылы Пак Кын Хе иығына хирургиялық ота жасатқан еді. 2021 жылы иық пен омыртқаның созылмалы ауруына байланысты бірнеше рет ауруханаға жатқызылған болатын.
Пак Кын Хенің президенттік билігі 2017 жылғы импичмент барысында тоқтатылды. Ол сыбайлас жемқорлықпен айналысты деп айыпталып, 2018 жылдың сәуірінде бас бостандығынан айрылды. Прокуратура оны 30 жылға соттап, оған 95 миллион доллар көлемінде айыппұл салуды талап еткен еді. Бірақ сот оны 24 жылға бас бостандығынан айыру және шамамен 95 миллион доллар айыппұл салу туралы шешім шығарды.
Табиғат Нұрболат