Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара ауданының шаруалары алғашқы бақша өнімін жинауды бастады. Кешегі күні Жаушықұм ауылдық округінде қарбыз егумен шұғылданып жатқан диқандар алғашқы 30 тонна өнімді Ресейдің Якутия автономиялық республикасына саудалауға жөнелтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жалпы көлемі 2 гектар алқапқа жамылғы астына ерте пісетін қарбыз тұқымын отырғызған "Бағдат" шаруа қожалығының диқандары пленканы қос қаптама түрінде жауып шыққан. Бірінші болып егістік алқаптан өнім артқан қожалық әр гектарынан кем дегенде 40 тоннадан қарбыз алудан үмітті.
Ауыл әкімі Серік Махамбетовтің мәліметінше, қазіргі таңда 3312 гектар аумаққа бақша дақылдары егілген. Олар толығымен жамылғы астына егілген. Көктем басталысымен қарбалас тірлікке көшетін диқандар қауымы пленка астына дақыл егудің шығыны әр гектарына 500 мың теңгені шамалайтынын айтады.
Дегенмен, нарыққа ерте шығарып үлгерсе шыққан шығынның орны толады. Күні кеше ерте піскен қарбыздың келісі 96 теңгеден егістік алқаптан сатылған.