Бүгін Шымкент қаласында облыстың әр түкпірінен келген балаларға арналған Қазақстан Республикасы президентінің жаңа жылдық шыршасы өтті. Мерекелік шыршаға қатысқан балаларға телеэкран арқылы елбасының арнайы құттықтауы көрсетілді, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев балаларды мерекемен құттықтап, президент атынан 200 балаға қыстық жылы киімдер мен ноутбук үлестірді.
"Сіздер, бүгін президенттік Жаңа жылдық шыршасына қатысып отырсыздар! Бұл - елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміздің жарқын болашағы – сіздерге деген үлкен құрметі. Жаңа жыл – барша қазақстандықтарға және көптеген мемлекеттер үшін де ерекше ықылас, зор үмітпен келер жылдан жақсылық күтетін мереке. Бүгінгі мереке мен сыйлықтар сендерге естен кетпейтін, ерекше жарқын күн сыйласын. Мен сендерге зор денсаулық, бақыт тілеймін. Жаңа жыл құтты болсын!", - деді әкім.