Оңтүстікте жастар театры құрылды

1193

Оңтүстікте жастар театры құрылды

Оңтүстік Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасына қарасты жастар ресурстық орталығы жанынан жастар театры құрылды, деп хабарлайды otyrar.kz басылымы. Жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, талантты жастарға қолдау көрсету мақсатында құрылған өнер ордасы өскелең ұрпаққа сахна мәдениеті мен сахна тілін үйрету, актерлік шеберлігін шыңдауға ниеті бар жастарды шығармашылыққа баулуды көздейді.

Жаңа театрдың алғашқы шымылдығы Ə.Оразбековтің "Бір түп алма ағашы" драмасы қойылымымен түрілді. Театрдың көркемдік жетекшісі, сахна қозғалысы маманы Алмас Шымалиев болса, режиссері — актер шеберлігінің маманы Айна Емқұлова, ал режиссердің көмекшісі және театрдың әкімшісі, сахна тілі маманы болып Аққу Қонысбаева бекітілді.

Бұдан бөлек өнер ұжымында М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де мәдени-тынығу жұмысы, театр ұжымына жетекшілік мамандықтары бойынша білім алып жүрген 30 студент жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды. Алдағы уақытта театр жетекшілігі 14-29 жас аралығындағы театр өнеріне қызығушылығы бар жастарды өз қатарына қабылдамақ. Жастар ұжымының репертуарында оншақты койылым бар.

Еске салайық, жақында ғана күрделі жөндеуден өткен жастар орталығы жанынан еріктілер мектебі, режиссерлер командасы, жайдарманшылар тобы, жас ақындар клубы, журналистер мен блогерлер клубы, Street workout қозғалысы, хореография тобы, "Sulu models" сән агенттігі ашылған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу