2020 жылдың IV тоқсаны 2020 жылдың төртінші тоқсанында халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 125,4 мың теңгені құрады. Бұл 2019 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 12,9%-ға артық, деп хабарлайды Inbusiness.kz порталы ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағаларын ескерсек, нақты мәнде халықтың ақшалай табыстары 5,2%-ға өсті.
2020 жылдың төртінші тоқсанында ҚР өңірлері арасында жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табыс 65,9 мың теңге (Түркістан облысы) мен 230,2 мың теңге (Атырау облысы) арасында болды. Бұл ретте нақты мәнде Атырау облысында кірістер 2%-ға азайып, ал Түркістан облысында 7,4%-ға өсті.
Жалпы, ҚР бойынша жан басына шаққандағы ең төменгі атаулы ақшалай табыс 100 мың теңгеден аспайтын оңтүстік өңірлерге тиесілі. Түркістан облысынан кейін Шымкент қаласы (79,1 мың теңге), Жамбыл (86,5 мың теңге), Алматы (90,7 мың теңге) және Қызылорда (91,2 мың теңге) облыстары жайғасқан.
Атырау облысынан басқа, жан басына шаққандағы ең жоғары атаулы табыс Нұр-Сұлтан (192,9 мың теңге) және Алматы (185 мың теңге) сынды мегаполистерге тиесілі.
Атырау облысынан басқа, халықтың жан басына шаққандағы орташа табысы нақты мәнде Шымкентте (-3,3%) және Батыс Қазақстан облысында (-5,1%) азайды.
Биылғы жылдың ақпан айында халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 122,4 мың теңгені құрады. Бұл 2020 жылғы ақпанмен салыстырғанда 11%-ға, 2021 жылғы қаңтармен салыстырғанда 0,1%-ға ғана артық.