Оңтүстіктен қоныс аударушылардың келуі мектептердің жабылуының алдын алды

Өңірде көші-қон бағдарламасы қалай жүзеге асуда? 

Оңтүстіктен қоныс аударушылардың келуі мектептердің жабылуының алдын алды Фото: press.kz

Елімізде 2017 жылы жұмыс күші көп өңірлерден солтүстік аймақтарға азаматтарды көшірудің мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Соның аясында ел ішінде меншік мекенін ауыстырған адамдарға қаржылай қолдау көрсетіп, баспана алып, тұрақты жұмысқа орналасуға жағдай жасалады, дейді inbusiness.kz тілшісі. 

Бағдарлама басталғалы бері Павлодар облысына 20 мыңға жуық адам қоныс аударушы мен қандас келді.  Олардың 48%-ы - әртүрлі біліктілігі бар еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Келгендердің жартысы - мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалар.

Павлодар облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, қоныс аударушылардың қатарында балалардың көп болуы ауылдың тіршілігіне қайта "қан жүгіртті". Яғни, оқушылар санының көбеюіне оң ықпалын етті. Тіпті, кейбір жағдайда мектептердің жабылуының алдын алып қалды. Мәселен, Аққулы ауданының Майқарағай ауылының мектебінде бұған дейін 26 бала оқыған еді. Ал соңғы екі жылда олардың қатарына тағы 40 шәкірт қосылды. Сол сияқты Шарбақты ауданының Шегірен ауылында оқушылар саны бірден екі есе өсіп, 70 оқушыдан 140 балаға дейін жетті. Мұндай өсімдер тағы бірнеше ауылдық мектепте байқалған көрінеді. 

Сонымен қатар, қоныс аударушылардың баспаналы болуы үшін 2017-2023 жылдары мемлекет тарапынан тұрғын үйді жалға алу шығыны өтеліп келген еді. Ол тұста төлем көлемі 15-30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болды. 

Ал былтырдан бері оларға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін қаржылай көмек көрсетуге мүмкіндік беретін мемлекеттік экономикалық ұтқырлық  сертификаты енгізілді. Сертификат тұрғын үй құнының 50%, бірақ, 1160 АЕК-тен аспайтын мөлшерде беріледі. Өткен жылы өңірдегі мансап орталықтары жалпы сомасы 1,9 млрд теңге болатын дәл осындай 542 сертификат берді. 

Осы орайда атап өтерлік жайт, таяуда ғана Павлодар облысының прокуратурасы осы бағдарламаны пайдаланып, мемлекет қаржысының 600 млн теңгесін қалтасына басқанын мәлімдеген еді. Құзырлы орган өкілдері жүргізген тексеріс нәтижесінде қоныс аударушыларды қаржылай қолдауға бөлінген қаражатты иемденудің тұтас тізбегі құрылғаны анықталды. Оның ішінде баспана сомасының жартысын алу үшін үйлердің бағасы әдейі 8 млн теңгеге дейін жоғары етіп көрсетілген. Үйді сатып алу кезінде жоғарыда атап өткеніміздей шығынның 50%-ы, бірақ 4,2 млн теңгеден көп емес сома беріледі. Яғни, олар үйді 8 млн теңге деп көрсетіп, осынша қаржыны иемденіп келген. Ал шын мәнінде қаңырап бос тұрған үйлер 500 мың теңгеден бастап сатып алынған. Сөйтіп, көшіп келу жағдайлары тек қағаз жүзінде қалып отырған. Тіпті, жекелеген жағдайларда Мансап орталығының қызметкерлері оңтүстік өңірлерге барған. Сол кезде белгілі бір сомаға жергілікті тұрғындарды тауып, олардың атына құжаттар рәсімдеген. Алайда бұл азаматтар Павлодар облысына мүлде аяқ баспаған. 
Жергілікті билік бұған қатысты да түсініктеме берді. Әкімдіктің мәліметінше, экономикалық ұтқырлық сертификаттары бойынша қаражатты төлеу туралы шешім мемлекеттік органдардың араласуына жол берілмейтін тұрғын үйді сатып алу-сату келісімшарты ұсынылғаннан кейін шығарылады. 

"Өкінішке қарай, қазіргі уақытта үйлерді сатушылар мен қоныс аударушылар арасында үйлердің бағасын көтеру туралы өзара келісу жағдайлары анықталуда. Алайда, экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беруде жұмыс органы болып табылатын мансаптық орталықтардың функционалында мұндай фактілерді анықтауға және жолын кесуге мүмкіндік беретін құқықтық өкілеттіктері жоқ. Біз прокуратура органдарының қоныс аударушылардың алған бюджет қаражаттарын тексеруге араласуын құптаймыз және оларға жан-жақты қолдау көрсетеміз, - деп хабарлады Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, аталмыш жайтқа байланысты, яғни жылжымайтын мүлікке жоғары бағаларды көрсете отырып келісімшарттар жасасу, сертификаттарды заңсыз беру және олар бойынша жүргізілген төлемдерді жымқыруға қатысу бойынша шағымдар түспегенін атап өтті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу