2018 жылы жұмыс күші артылып жатқан аймақтардан солтүстік аймақтарға 6 766 адам (1 858 отбасы) қоныс аударды. Аймақтық квота бойынша 1 517 отбасы яғни 6363 адамды қамту көзделген болатын, деп хабарлайды ҚР еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгінен.
Естеріңізге сала кетейік, "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы, еңбек ресурстарының тұтастығы үшін үкімет белгілеген аймақтарға өз еркімен қоныс аударған тұлғаларға мемлекеттік қолдау жасау қарастырылған.
ҚР" Көші-қон туралы" заңына сәйкес, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарынан қоныс аудару қарастырылған. Бұл өңірлерде соңғы 10 жылда халық санының жыл сайынғы өсімі 2 пайызды құрап отыр. Халықтың тығыз орналасуы – бір шаршы шақырымға 6,4 адамнан келеді.
Қоныс аударушыларды қабылдап жатқан аймақтарға – Шығыс-Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік-Қазақстан облысы кіреді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдан бастап жұмыс берушілердің қатысуымен қоныс аударғандар үшін бағдарламаға тұрғын үй алу және оның құрылысы бойынша жаңа механизм енгізілді. Пилотты жобаны Солтүстік-Қазақстан облысында енгізгеннен кейін, қоныс аударушыларды қабылдайтын басқа аймақтарда да жүзеге асыру жоспары бар.
Жаңа механизм алдағы үш жылда 3 мыңға жуық қоныс аударған отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік бермек.
Қоныс аударғандарды қолдау шараларын кеңейту үшін "Мәңгілік ел жастары–индустрияға!" ("Серпін") жобасы түлектерінің өз еркімен қоныс аудару құқығына басымдық жасалады.
Зерттеу көрсеткендей, қоныс аударғандардың жартысынан көбі Павлодар облысына көшкен – 31%, Шығыс-Қазақстанға – 27%, Солтүстік Қазақстанға – 22%, Қостанай облысына – 16%.
Олардың көбісі Түркістан облысынан көшкендер – 36%, Алматы облысынан – 28%, Жамбыл өңірінен – 15%, Қызылорда облысынан – 13,5%, Маңғыстау облысынан – 2,7%.
Қоныс аударғандардың 48% немесе 3 265 адам еңбекке жарамды жастағылар.