Жуық арада елдің оңтүстік өңірлерінен солтүстік аймақтарына қоныс аударушыларға тұрғын үй салу және сатып алу механизмі іске қосылмақ. Бұл жоспарды орындау үшін 2019-2021 жылдары бюджеттен 15 млрд теңге бөлінбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде жұмыс күші көп оңтүстік өңірлерден 1 488 отбасы немесе 4 925 адам қоныс аударды. Оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы 2,5 мың адам қатарынан 1,5 мыңға жуығы жұмысқа орналастырылды. 87 адам кәсіпкерлікпен айналысуда", - дейді Мәдина Әбілқасымова бүгінгі үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, биыл Павлодар облысына - 361 отбасы, Солтүстік Қазақстан облысына - 400 отбасы, Қостанай облысына - 224 отбасы, Шығыс Қазақстанға - 413 отбасы және Ақмола облысына - 90 отбасы қоныс аударған.
"Жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныстану кезінде қоныс аударған адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі маңызды фактор болып табылады. Ол үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік бағдарламада жұмыс берушілердің қатысуымен қоныс аударушыларға тұрғын үй салу және сатып алу механизмі көзделген. Бұл тәсіл алдымен Солтүстік Қазақстан облысында апробациядан өткізіліп, кейін басқа өңірлерде қолданылады", - дейді Мәдина Әбілқасымова.
Министр атап өткендей, бүгінгі таңда 2019-2021 жылдары осыған қажетті 15 миллиард теңге қаражат бюджетте көзделген.
"Нәтижесінде облыста алдағы үш жылда үш мыңға жуық қоныс аударушы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр", - дейді Мәдина Әбілқасымова.
Еске сала кетсек, бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндаған еді.
Өз кезегінде үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев халықты жұмыспен қамту жұмыстарының әсеріне мониторинг жүргізуді тапсырған болатын.