Оңтүстіктің бір топ журналистері Түркия елінде іссапарда жүр

962

Оңтүстіктің бір топ журналистері Түркия елінде іссапарда жүр

Оңтүстіктің бір топ журналистері Түркия елінде іс-сапарда жүр. Ондағы мақсат -  бауырлас мемлекеттің БАҚ құралдарының тыныс-тіршілігімен танысып, тәжірибе алмасу. Бұл туралы облыстың баспасөз қызметі хабарлайды.

Делегаттарды алдымен Қазақстан Республикасының Түркиядағы бас консулы Еркебұлан Сәпиев қабылдап,  журналистер сапарына сәттілік тіледі.  Бүгінгі елшілерге тапсырылған жұмыстың бірі – Қазақстанға  инвестиция тарту екені белгілі.  Бас коньсул Е.Сапиев бұл тұрғыда түрік инвесторлардың негізінен Оңтүстік Қазақстан облысына ерекше қызығып баратындығын тілге тиек етті. Оның үстіне Қазақстанда Қазақ-Түрік индустриялды аймағы тек осы облыста ғана бар.  Сондықтан да алда бірлескен кәсіпорындарды көбейту басты назарда тұр.

Мұнан соң тілшілер тобы Стамбул қаласындағы 16 салалық телеарналарды біріктіретін Түркияның басты телеарнасы ТРТ медиа холдингіне атбасын тіреді.  Жарты ғасырдан астам тарихы бар телеарна 1974 жылдан бері тәулік бойы 40 тілде хабар  таратуға қауқарлы. Мемлекеттік телеарна мен радиоқұрылымын біріктірген агенттікте бүгінде  8500 қызметкер еңбек етеді.  Олар елде,  әлемде болған оқиғаларды дәл әрі объективті түрде, көрерменге дер кезінде жеткізумен айналысады. 

Түстік журналистері  сапар барысында 1500 адам еңбек ететін Стамбулдағы өкілдігінде болып,  медиахолдингтің жетекшісі Абдулxамит Авсар мырзамен пікір алмасып,  әңгімелесті. Екі тарап бауырмалдық әрі әріптестік қарым-қатынасты нығайту мақсатындағы жоспарларымен  бөлісті.

Журналистер тобы "Анадолы"  агенттігіне соғып, түркиялық БАҚ саласының даму барысымен де танысты. Өз кезегінде "Анадолы" агенттігінің Станбул қаласындағы бөлімінің басшысы Сабри Челебиоғлу оңтүстікқазақстаннан келген журналистерді қабылдап, агенттіктің жұмысымен таныстырды. 1920 жылы құрылған агенттікте бүгінде 2500 қызметкер еңбек етеді. Түрткүл дүниенің 85 елінен 11 тілде ақпарат тарататын орталықтың  әлемнің 97 елінде өкілдігі бар. Мұнда соңғы 5 жылда араб және парсы тілінде ақпарат тарататын  бөлімдер жұмыс істеп келеді. Түркиядағы газеттерде жарияланатын ақпараттың 40 пайызы, ал сайттардың 60  пайызы ақпары осы агенттіктен алынады екен.  Әлемдегі ең үздік 10 ақпарат агенттігінің қатарына кіретін орталықта күн сайын 1200 ақпарат пен 2500 фото, 310 видео таратылады. Әлемдік және түркиялық БАҚ "Анадолыдан"  материалдарды ақылы негізде сатып алады. 

Агенттіктің өз қызметкерлеріне қақтығыс пен соғыс жүріп жатқан ыстық нүктелерге барып, ақпарат жинауды үйрететін орталығы бар. Бұл орталықта дайындалған тілшілер  бүгінде әскери қимылдар қызып жатқан аймақтарда жүр. Ал, тәжірибе алмасу барысында агенттік басшылығы оңтүстікқазақстандық журналистерге 3 ай көлемінде барлық ақпаратын ақысыз ұсынатын болып келісті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу