Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы жылы 109,6 мың га жерге мақта шиті егілген. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 10,3 мың га артық. Қазіргі таңда түсімділігі орташа есеппен әр гектардан 24 центнерден 262,5 мың тонна шитті мақта немесе меженің 94,7 пайызы жиналды. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мақта өңдеу ұйымдарында шитті мақта қабылдау бағасы алғашқы кезде 1 келісіне 160-165 теңгеден (2015 ж 1 кг бағасы 107 теңгеден басталған) басталып, бүгінгі таңда мақтаның 1 келісі сұрпына қарай 130-145 теңгеден қабылдануда.
Қазіргі таңда әр ауданның климаттық жағдайына байланысты 2-ші, 3-ші терім науқаны жүруде. Мақта жинау жұмыстарын қараша айының алғашқы онкүндігінде аяқтау жоспарлануда. Ал облыс бойынша мақта теретін 512 дана комбайн бар. Оңтүстік өңірде мақтаның 65%-ы комбайнмен теріледі.