"Оның аты - Айбар" отандық мультхикаясы жарыққа шықты

539

Алматыда "Оның аты - Айбар" атты мультхикаясының жабық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

"Оның аты - Айбар" отандық мультхикаясы жарыққа шықты Фото: Видеодан скриншот

"Оның аты – Айбар" 2D мен 3D форматында түсірілген еліміздегі тұңғыш мультсериал. Сериал OrdaGen жобасының YouTube арнасында балаларға тегін көрсетіледі.

Балаларға арналған бұл жоба 10 сериалдан тұрады. Ұзақтығы – 5-7 минут. Басты кейіпкері – Айбар атты қасқыр. Ол өзінің Шымыр, Момын, Барыс, Ерке сынды достарымен бірге түрлі оқиғаны басынан кешіреді. Авторлар әр сериалда оқиғаны қызық етумен қатар, құнды ақпарат жеткізуге тырысқан. Мәселен, бір бөлімінде шахмат ойыны туралы мәлімет берілсе, енді бір сериясында қағаздан ұшақ жасауды үйретеді.

Аталмыш туындының идея авторы – Айбек Қуатбай. Ал жоба жетекшісі – Парасат Танен. Мультсериалға режиссерлік еткен – жас аниматор-режиссер Дидар Нұрлаев. Ал сценарийін Шыңғысхан Ермахан және Сенбек Руслан атты жас қаламгерлер жазған.

"Бұл мультхикая –  2 d мен 3 d форматтарының біріккен түрі. Командадағы бас аниматорымыз Руслан кейіпкерлерді 2 d форматта жасап шығарды. Ал 3 d суретшіміз Мади қоршаған ортаны 3 d түрде істеді. Осы 2 d мен 3 d атты екі әлемді араластырғанның арқасында комбо стиль дайын болды. Соңғы уақытта мұны шетел аниматорлары жиі қолданып жүр.

2D кейіпкерлердің бейнесін дизайнер алдын ала жасап алды. Ол жанынан, алдынан, артынан қарағандағы түр-әлпетін салып шықты. Бойын да өлшеді. Сондай-ақ әрбір іс-қимылын, эмоциясын, мимикасын сызба түрінде дайындап қойды. Кейін Руслан өзіне керек бейнені алып, қозғалысқа түсірді. Ол Moho деген бағдарламада Жансая салған суреттерге жан бітірді. Содан соң дайын болған анимацияны Blender атты бағдарламаға көшірдік", - дейді туындының режиссері Дидар Нұрлаев.

Жоба жетекшісі Парасат Танен бұған дейін де балаларға арналған контент барысында жұмыс атқарып жүр. Ол OrdaGen жобасы аясында "Orda ертегілері" кітабын шығарды. Сондай-ақ 1000-ға жуық ертегіні қамтыған OrdaGen мобильді қосымшасын ұсынды. Енді балалар аудиториясын мультсериалмен қуантып отыр. Ол бұл мультсериал тіліміздің аясын кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.

"Кейбір туған-туыстарым мен достарымның балалары қазақ тілінде дұрыс сөйлей алмады. Өйткені көретіндері – өзге елдің анимациялық өнімдері. Өзім де әке болғандықтан, балаларымның болашағы үшін уайымдаймын. Алғаш Айбек Қуатбайдан мультфильм түсіру жайлы идея келгенде, ерекше қуандым. Тез арада команда жасақтап, жұмысқа кірісіп кеттік", - дейді жоба жетекшісі Парасат Танен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу