Тереңкөлдегі екі адамның өліміне себеп болған жайттар анықталды

653

22 жасар күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тереңкөлдегі екі адамның өліміне себеп болған жайттар анықталды

Кеше Павлодар облысы Тереңкөл ауданы Береговое ауылында орын алған қайғылы жағдай дүйім жұрттың қабырғасын қайыстырды. Осы ауылдың екі тұрғыны кемінде 40 рет сұғылған пышақ жарақатының салдарынан өз үйінде тіл тартпай кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар облыстық полиция департаменті бұған дейін хабарлағандай, 3 шілде сағат түнгі 02.10-да Мир көшесіндегі жеке үйдің ауласынан сол үйдің иесі – 46 жасар әйел мен 48 жастағы ер адамның пышақ жарақаты түріндегі зорлық-зомбылық белгілері бар денелері табылды. Мұндай қайғылы жағдайдың орын алуына екі жастың арасындағы түсініспеушілік себеп болған көрінеді.

Тарқатып айтсақ, аталған үй иесінің 16 жасар қызы мен сол ауылдың 22 жасар тұрғыны бұған дейін кездесіп жүрген. Алайда жеті айдан соң бойжеткен жас жігітпен байланысын үзуге бел буып, өз шешімін айтады.

"Шамамен бір ай бұрын мен оның есірткі қабылдайтынын білдім. Сол себепті арақатынасты тоқтатуды жөн санадым. Алайда ол бұл шешіміме қарсы болып, "бір күні осы шешіміңе өкінесің" деп сес көрсетті", – дейді ол.  

Ал жан түршігерлік оқиға орын алған күні бойжеткен Павлодар қаласындағы колледждердің біріне оқуға түсу үшін облыс орталығына жол тартып, туыстарының бірінің үйінде түнейді. Дәл сол күні жігіт қызды іздеп ауылдағы үйіне барады.

"Сол түні анам, өгей әкем және менің 13 жасар бауырым үйде болды. Олар түнгі сағат бір шамасында отшашуды естіп,  көшеге шыққан екен. Бауырым барғысы келмей, үйде қалыпты. Біраз уақыттан кейін анам үйге жүгіріп келіп, оған жасырын деп айтқан. Анам інімді қорғаймын өзі пышақтың астында қалды. Ал өгей әкем анамды құтқармақ болып, ажал құшты. Мұндай жағдайдың болғанына әлі де сене алар емеспін", – дейді 16 жасар бойжеткен.

Құқық қорғаушылар күдіктіні бірден анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Алайда жас қыз ауылдасы жазасыз қала ма деп қауіптенеді. Жетім қалған бауыры екеуінің өміріне де алаңдайды.

"Бұл жағдайдан соң оның анасы келіп, көмек ретінде ақша ұсынды. Жылап тұрып ұлының ауырғанын айтты. Оның мұндай қастандық пен қатыгездікке баруына есірткі қабылдауы себеп болуы мүмкін. Десе де, бұл жайт оны мүлде ақтамайды. Біздің бай туыстарымыз, таныстарымыз жоқ. Ал оның анасы дәрігер. Сондықтан амалын тауып, жазадан құтылып, інім екеуімізге тыныштық бермей ме деп қорқамын", – дейді жәбірленуші.

Әлеуметтік желілер арқылы күдіктінің туған-туыстары оның денсаулығында ақаулар бар деген анықтамалар алып, ақтамақ болып жатыр деген ақпарат тарауда. Аталған оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі – екі немесе одан да көп адамды өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу