Желтоқсан айында ОПЕК+ елдері мұнай өндіру көлемін тәулігіне 100 мың баррельге арттыруы мүмкін. ОПЕК деректеріне сүйенген "Интерфакстың" жасаған есебіне сәйкес, альянстың жалпы квотасы 38,214 миллион баррель болды. Бұл қараша айындағы жоспардан 100 мың баррельге артық, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Интерфакс Қазақстан" агенттігіне сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, қараша айының басында бұған дейін тәулігіне 1,65 млн баррель көлемінде ерікті түрде өндірісті шектеп келген альянстың сегіз мүшесі желтоқсаннан бастап мұнай өндіруді жалпы есеппен тәулігіне 137 мың баррельге арттыру туралы шешімді мақұлдады.
Келісімге қатысушы үш ел – Сауд Арабиясы, Кувейт және Алжир белгіленген квоталар деңгейінде өндіре алады: сәйкесінше тәулігіне 10,103 млн баррель, 2,58 млн баррель және 971 мың баррель.
"Өзекті квоталар мен соңғы өтемақы кестелері бойынша Ресейдің желтоқсандағы мұнай өндіру жоспары қарашадағы тәулігіне 9,532 млн баррельден 9,574 млн баррельге дейін өседі. Ирак – тәулігіне 4,148 млн баррель, БАӘ – 3,401 млн баррель, Оман 805 мың баррель өндіреді. Ал Қазақстан қарашадағы тәулігіне 1,47 млн баррельден 1,446 млн баррельге дейін төмендетуге тиіс", – деп жазады БАҚ.
Осылайша Сауд Арабиясы мен Ресей өндірісті әрқайсысы тәулігіне 42 мың баррельге арттыра алады, Ирак – 23 мың баррель, БАӘ – 12 мың баррель, Кувейт – 11 мың баррельге, Алжир – 4 мың баррельге. Өндірісті қысқартатын ел – Қазақстан (тәулігіне 34 мың баррель).