ОПЕК+ елдері 2026 жылдың қыркүйегінен бастап мұнай өндіру квотасын тәулігіне шамамен 188 мың баррельге арттыру туралы шешім қабылдады. Осылайша, 2023 жылы енгізілген тәулігіне 1,65 млн баррель көлеміндегі ерікті өндіріс шектеулерін кезең-кезеңімен алып тастау аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шешім альянстың жексенбі күнгі отырысында қабылданды. Оны Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир, Қазақстан және Оман қолдады. Бұған дейін бұл келісімге Біріккен Араб Әмірліктері де қатысқан болатын, алайда ел мамыр айында ОПЕК құрамынан шықты.
2026 жылы мұнай өндіру квотасы бірнеше рет ұлғайтылғанымен, оның әлемдік нарыққа әсері шектеулі болды. Бұған Парсы шығанағы елдері, Ресей және Қазақстаннан мұнай экспортындағы іркілістер себеп болып, нақты жеткізілім көлемі жоспарланған деңгейге жете алмады.
ОПЕК+ таратқан ресми мәлімдемеде жылдың төртінші тоқсанындағы өндіріс саясатына қатысты нақты ұстаным айтылмаған. Дегенмен бұған дейін альянс өкілдері өндірісті одан әрі ұлғайтуды уақытша тоқтату мүмкіндігін жоққа шығармаған.
Rystad Energy сарапшысы Хорхе Леонның пікірінше, ерікті қысқартулардың аяқталуы ОПЕК+ үшін жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.
"Ендігі негізгі міндет – экспорт қалыпқа келген жағдайда туындауы мүмкін мұнайдың артық ұсынысын тиімді басқару", – деді ол.
Сарапшының болжамынша, альянс биылғы жылдың төртінші тоқсанында қазіргі өндіріс деңгейін сақтап, 2027 жылға арналған жаңа квоталар бойынша келіссөздерге дайындалады.
Сонымен қатар ОПЕК+ 2022 жылдан бері күшінде тұрған тәулігіне шамамен 2 млн баррель көлеміндегі тағы бір өндіріс шектеуін сақтап отыр. Бұл талап альянсқа мүше елдердің басым бөлігіне қатысты және жыл соңына дейін өзгеріссіз қалуы мүмкін.
Қазір ұйымға мүше мемлекеттердің өндірістік әлеуеті қайта бағалануда. Осы талдау нәтижесі 2027 жылға арналған базалық өндіріс көлемі мен жаңа квоталарды айқындауға негіз болады. Сарапшылардың пікірінше, бұл келіссөздер оңайға соқпайды, өйткені Ирак бастаған бірқатар елдер өндіріс қуаты артқанын алға тартып, өз квоталарын көбейтуді талап етіп отыр.