Малшылар жерін ор қазып қоритындарға наразы

1481

Биылдың өзінде бір ғана Түркістан облысында ормен қоршаған 139 жер телімі анықталған. Жалпы аумағы 41 876,5 гектарға тең, деп жазады inbusiness.kz.

Малшылар жерін ор қазып қоритындарға наразы

Бұған шаруашылық иелері мен ауыл жұрты наразы. Себебі жайылымдық жерлердің өзін тұяқ тимесін деп, тереңдігі бір метрден асатын ор қазып, қоршап тастайтындар бар көрінеді. Төңіректе жүрген ірі қара қыс түгілі, көктем мен жазда да осы орға жығылып арам қатып жатыр дейді. Ал тірі қалғандарын жергілікті атқамінерлер қамап қойып, мал иелеріне айыппұл салуды әдетке айналдырған.

"Ауылда мал суаратын су тапшы болғандықтан малымызды үлкен каналға алып барамыз. Мал атаулыда ес жоқ қой... Бөтеннің жеріне жайылма деп айта алмайсың. Кейде түсіп кететіні рас! Малымызды жайылымға ғана жаямыз. Оның өзін терең ор қазып, иемденіп алғандар бар. Орға малы құлап мертіккен шаруалар да жетерлік. Жақында сол жайылымдық жерге иелік ететін фермер "түйелерің жеріме түсті" деп 15 шаруаның 70-ке жуық түйесін қамап қойды. Сөйтіп әр шаруаға 5 000 теңгеден заңсыз айыппұл салды. 10 шаруа ақшасын беріп, түйелерін қайтарып алды", – дейді Арыс ауданының тұрғыны Бақыт Орынханұлы.

Бұл мәселені шешу 2014 жылғы 29 қыркүйектегі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы бойынша, жергілікті атқарушы органдарға берілген екен.

"Бірақ, жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау функцияларын жергілікті атқарушы органдарға беру тиімсіз болғанын практика көрсетті", – деп жазылған Ауыл шаруашылығы министрігі берген жауапта.

Сондықтан "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 маусымдағы №59-VII ҚРЗ Заңына сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі уәкілетті органдар жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық атқарушы органның ведомствосына берілмек.

Оралбай Мергенбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу