Орал әуежайында басқа терминал салынады

1063

Жаңа нысан жыл соңына дейін тапсырылмақ.

Орал әуежайында басқа терминал салынады

Орал қаласындағы жыр болған әуежай 2021 жылдың соңына дейін тапсырылады. Мәселеге байланысты өткен соңғы жиыннан кейін жергілікті билік осылай деп хабарлады, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Батыс Қазақстан облысының орталығындағы жөндеуі ұзаққа созылып кеткен әуежайдың ахуалы тұрғындарды ғана емес, қалаға келіп-кеткен жүргіншілерді де шаршатқан еді. Жағдайдың жасалмауынан биыл қыста рейсін күткен адамдар уақытын қалыңдатылған вагондарда өткізуге мәжбүр болған-ды. 

Енді әуежайдағы терминалға қатысты жоба өзгертіліп отыр. Өңірдегі ірі мұнай консорциумы "Қарашығанақ Петролей Оперейтинг б.в." қаржыландыратын әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды қарау бойынша өткен қоғамдық кеңес бұрынғы терминалды қайта жөндеудің орнына жаңасын салып, оны жыл соңына дейін тапсыру жөнінде ұйғарымға келген. 

"Бұған дейінгі жоба техникалық тұрғыдан дұрыс болмағандықтан тоқтатылды. Ал оны қайтадан өзгертуге көп уақыт кетті. Қазір жаңа терминалды салуға екі ауысым жұмылдырылған", - деп мәлімдеді БҚО әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев.

Айта кетейік, терминалды жөндеу 2018 жылы басталған еді. Ол үшін "Kazconstructiongroup" ЖШС мердігерлік ұйымы 1,5 млрд теңге ақша бөлген. Алайда бір жылдан кейін ғимарат іргетасының дұрыс құйылмауы себепті құрылыс тоқтап қалды. Ал жаңадан салынуы тиіс терминал құны 6,6 млрд теңгеге бағаланып отыр. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу