Орал базарындағы жарылысқа байланысты қылмыстық іс қозғалды

290

Зардап шеккен ер адамдардың бірінің денесін қатты күйік шалған. 

Орал базарындағы жарылысқа байланысты қылмыстық іс қозғалды Фото: ҚР ТЖМ

Орал қаласындағы "Ел ырысы" базарында газ баллоны жарылып, 10 адамның зардап шегуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Орал қаласы ТЖ басқармасының аға анықтаушысы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мирлан Таңаттың мәлім еткеніндей, газ баллоны Құрбан айтқа байланысты ашық алаңда қойдың басын үйіту кезінде жарылған.

Оның сөзіне қарағанда, осы дерек бойынша ҚР ҚК 292-бабы 1-бөлігіне (өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, өрт-техникалық сараптама тағайындалды. Зардап шеккендердің ішінде жансақтау бөлімінде жатқан ер адамдардың бірінің денесін қатты күйік шалған.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған оқиға бойынша ТЖ департаменті тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын жеткізді.

Аталмыш бап бойынша айыпты деп танылған адам белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу