Бүгін Орал-Франкфурт бағытында алғашқы ұшақ ұшты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әр сәрсенбі сайын қатынайтын бұл тікелей рейс БҚО әкімдігі мен "ҚПО б.в." компаниясының "Air Astana" ұлттық тасымалдаушы компаниясымен жүргізген келіссөзі нәтижесінде жүзеге асты.
Германияның Франкфурт қаласы ірі халықаралық көлік бекеті екендігі мәлім. Енді Еуропа мен Америкаға бет алған батысқазақстандықтар, сондай-ақ үйіне қайтатын шетелдік компаниялар қызметкерлері бұрынғыдай Орынбор мен Самараға бармай-ақ, тікелей ұшуға мүмкіндік алды. Оларды тасымалдайтын Airbus A320 әуе кемесінде эконом-сыныпта 132 және бизнес-сыныпта 16 орын бар. Ұшу ұзақтығы - 4 сағат 20 минут. Осы мерзім ішінде жолаушылар борт жүйесінде орнатылған бейнеқондырғы арқылы кино көріп, музыка тыңдап, электронды құрылғыларынан газет пен журнал қарай алады.
Облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов жаңа рейстің өңір тұрғындары мен кәсіпкерлер үшін қолайлы екендігін, инвестициялық ахуалды жақсарта түсуге септігін тигізетіндігін жеткізді. "ҚПО б.в." компаниясының жобалар бойынша басқарушысы Тревор Мандейдің айтуынша, Франкфурт әуежайынан әлемнің кез келген нүктесіне ұшуға болады.
Бұл тікелей рейстің, әсіресе, Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі жұмыс жасап жатқан кезде маңызы ерекше. Ол Батыс Қазақстан мен Батыс Еуропа арасындағы үздік көлік қатынасы болып есептеледі.
Айта кетейік, алғашқы ұшақпен 43 жолаушы аттанды.