Орал қаласында 1957 жылғы су тасқыны қайталануы мүмкін

774

Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы тұсында 10 метрге (қауіпті шегі – 850 см) дейін көтерілуі мүмкін.

Орал қаласында 1957 жылғы су тасқыны қайталануы мүмкін Фото: Ғайсағали Сейтақ

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің мәлім еткеніндей, Жайықтың қалыпты деңгейі 22 метр 46 сантиметр болса, мамандардың болжамына қарағанда, оған тағы 10 метр қосылуы ықтимал, сонда 33 метрге жуықтамақ.

Жандос Асхатұлының сөзіне қарағанда, осындай жағдай Оралда 1957 жылы тіркелген (онда су деңгейі 933 сантиметрге жеткен). Сол кезде қаланың орталық көшесі – қазіргі Н.Назарбаев даңғылы Юбилейный аялдамасы тұсында тұрғындар тізеге дейін су кешкен.

"Әрине, одан бері дамбылар салынды. Олар су 33 метрге көтерілген жағдайда төтеп береді. Дегенмен Жайық және Шаған өзені жағалауындағы дамбыларды тағы бір метрдей биіктетіп, нығыздау жұмыстары жүргізілуде. Бұған өңірдегі 20-дан астам ірі компанияның 200-ге жуық арнайы техникасы тартылды. Олар күндіз-түні, екі ауысымда жұмыс жасайтын болады. Жайықтағы су деңгейі 15-20 сәуір аралығында қатты көтеріледі деп отырмыз. Соған дейін тиісті жұмыстарды атқарып үлгеруіміз керек", - деді Ж.Дүйсенғалиев.

Оның айтуынша, қалада 125 бау-бақша серіктестігі болса, соның 55-і Жайық өзені жайылмаларында орналасқан. Бұларда 10 мыңнан астам адам тұрады.

"Біз осы кезге дейін саяжайларға барынша көмектесіп, 100 мың қап бөлдік. Енді мұндай жұмыстар тоқтатылып, саяжайларда тұратындар көшіріледі. Алдағы аптаның сейсенбі күнінен бастап эвакуациялауды ешқандай кедергісіз жүргізу үшін "Азаматтық қорғау туралы" Заңының 56-бабына (төтенше жағдайларды жою кезіндегі авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстар) сәйкес қауіпті аумақтағы саяжайларды электр және газ желілерінен ажырату жұмыстарын бастаймыз. Егер трансформатор қосулы болып, суға кетсе, сондағы тұрғындардың бәріне қауіп төнеді", - деді Ж.Дүйсенғалиев.

"Қазгидромет" РМК БҚО филиалының 6 сәуір сағат 16.00-дегі мәліметі бойынша Жайық өзенінің деңгейі Орал қаласы гидробекетінде 688 сантиметрге жетіп тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу